
Су – тіршіліктің қайнар көзі. Бұл қарапайым қағида, әсіресе, Созақ ауданы секілді климаттық жағынан қуаң, су ресурстары шектеулі өңірлер үшін айрықша маңызға ие. Ауданның ауыл шаруашылығы, тұрмыстық қажеттіліктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуы тікелей су қорларына тәуелді. Соңғы жылдары ауа райының күрт өзгеруі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы және жерасты суларын пайдалану деңгейінің артуы су тапшылығын күн тәртібіне өткір қойып отыр.
Созақ ауданындағы ірі ауылдық округтер мен елді мекендердегі өзендер, тоғандар мен су қоймаларының жағдайы тұрақты бақылауды қажет етеді. Суармалы жерлердің азаюы, ағын су көздеріне тәуелділіктің артуы – бұл тек аграрлық салаға ғана емес, жалпы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Аудан әкімдігі осы мәселені ерекше назарда ұстап, су ресурстарын тиімді пайдалану, ескі каналдар мен арықтарды жөндеу, жаңадан су қоймаларын салу және суды үнемдейтін технологияларды енгізу бағытында нақты жұмыстар жүргізуде.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің тікелей тапсырмасымен әрбір ауылда су мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Жуантөбе, Тасты, Қарағұр, Құмкент сынды елді мекендерде ағын су бағыттары мен көлемі нақты есепке алынып, жергілікті шаруашылықтардың қажеттілігіне сай жоспар жасалып жатыр. Бұл шаралар – ауданның ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамалар.
Осы орайда, су мәселесімен қатар әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – аудан басшылығының басым бағыттарының бірі. Соның жарқын мысалы ретінде Қыземшек кентінде биыл іске асырылатын ауқымды жобаларды атауға болады. Жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын жобалар аясында кенттің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы жаңғыртылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр.
Атап айтқанда, Шолақ-Еспе су тарату желілері мен су резервуарлары, жылу жүйесі мен жылу қазандықтары және мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар кенттегі тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға тікелей әсер етпек.
Сондай-ақ Орталық көшеде шағын футбол алаңы салынып, №22 және №23 үй аулаларында балалар ойын алаңшалары орнатылады. Көркейту мен көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінеді. №21 үйдің артында орналасқан аллея жөнделіп, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар төселіп, 40 шаршы метр аумақ абаттандырылады. Бұл жерде орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылып, тұрғындар үшін демалыс орнына айналады.
Қыземшектегі тағы бір жаңалық – әкімдік ғимаратының жанынан салынатын жаңа шағын футбол алаңы. Сонымен қатар, №20 үй мен Шұғыла көшесінде балалар ойын алаңшалары пайда болады. Баскетбол алаңы, орталық саябақ және жаяу жүргіншілер жолағы ағымдағы жөндеуден өтеді. №20 үйдің артындағы аллея да толық абаттандырылады.
1 және 2 мөлтек аудандардағы бірнеше көшеге жөндеу жүргізіліп, мектепке апаратын жолға арнайы велосипед жолағы мен жол белгілері орнатылады. Бұл – балалар қауіпсіздігі мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды қадам.
Бұл жоспарлар Қыземшек кентінің тұрғындарына аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің халықпен кездесуінде кеңінен таныстырылды. Жиын барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданды. Аудан басшысы коммуналдық салада пайдалануға берілген жаңа техникалардың жағдайымен де танысып, жөндеуден өтетін мәдениет үйін аралады.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, мәслихат депутаттары және бөлім, мекеме басшылары қатысты. Бұл – Қыземшек тұрғындары үшін үлкен өзгерістердің бастамасы болмақ.
Пікір қалдыру