ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

Түркістан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жүйелі жұмыстар жүргізуде. Облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың нұсқауымен қолға алынған «Қауіпсіз жол» және «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары – тәртіп пен заңдылықты нығайтудың маңызды құралына айналып отыр.

Жуырда осы бағыттағы іс-шаралардың бірі Жетісай ауданында өтті. Департамент бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев арнайы барып, жергілікті жүргізушілермен тілдесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Патрульдік полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерінің құжаттарын тексеріп, техникалық талаптардың сақталуын назарға алды. Сонымен қатар жолаушы тасымалдау ережелері мен жолдағы жалпы тәртіптің орындалуына ерекше мән берілді.

Мұндай рейдтік шаралар тек жүргізушілерді бақылау үшін емес, ең алдымен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тәртіп бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Өйткені жолдағы жауапсыздық – бір сәттік қателіктің арты адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Іс-шара барысында 204 құқықбұзушылық анықталып, тиісті шаралар қолданылды. Сондай-ақ, «Қорғау: Қауіпті жүргізуші» атты автоматтандырылған бағдарлама арқылы бұрын төленбеген айыппұлдары бар 8 автокөлік анықталды. Жол қозғалысы ережелерін үнемі бұзатын жүргізушілерге қатысты заң шеңберінде нақты әрекеттер жасалып, айыптұраққа 34 автокөлік қойылды.

Бұл – қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз етудің, жол-көлік оқиғаларының алдын алудың және жауапкершілікті арттырудың нақты көрінісі. Бүгінде тәртіп сақшыларының басты мақсаты – тек айыппұл салу емес, жүргізуші мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың санасына заңға бағыну – ортақ міндет екенін жеткізу.

Заң мен тәртіптің үстем болуы – қауіпсіз әрі тұрақты қоғам құрудың алғышарты. Қоғамда болып жатқан әрбір тәртіпсіздік пен құқықбұзушылық тек жеке адамға ғана емес, тұтас ұлттың рухани, экономикалық, әлеуметтік жағдайына кері әсер етеді. Сондықтан қоғамдық тәртіпті сақтау – әр азаматтың азаматтық парызы.

Бүгінде елімізде жол-көлік оқиғаларының көбі жылдамдықты арттыру, мас күйде көлік жүргізу, ереже сақтамау сынды факторлардан туындауда. Мұның алдын алу үшін профилактикалық жұмыстарды күшейту, жол ережесін бұзғандарға қатаң шара қолдану, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет.

Осы орайда Түркістан облыстық Полиция департаменті тарапынан қолға алынған тексерулер мен түсіндіру жұмыстары – қоғамға қажетті әрі дер кезінде жасалып жатқан шаралар. Мұндай бастамалар құқық бұзушылықтың алдын алуға ғана емес, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға да тікелей ықпал етеді.

Заң мен тәртіп – бейбіт өмірдің тірегі. Қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін полиция мен халықтың бірлесіп әрекет етуі аса маңызды. Құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жүйелі жұмысы жалғаса бермек. Себебі қауіпсіздік – кездейсоқ нәрсе емес, ол әрбір азаматтың жауапкершілігі мен тәртіпке бағынуынан басталады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*