ЖЕТІСАЙДА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың жолын кесу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл ішкі істер органдарының күнделікті, тіпті сағат сайын атқарып отырған жауапты жұмысы. Түркістан облысы Полиция департаменті бұл бағыттағы міндеттерді жүйелі түрде іске асырып келеді. Осы орайда департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағланбек Айтпаевтың қатысуымен Жетісай ауданында ауқымды профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Аудан көлеміндегі бұл шара құқық бұзушылықтардың алдын алу мен оларды болдырмауға бағытталды. Профилактикалық жұмыстар аясында қоғамдық орындар мен көшелерде рейдтер жүргізіліп, құқық бұзудың түрлі түрлеріне тосқауыл қойылды.

Профилактикалық есепте тұрған азаматтар мекенжайлары бойынша тексеріліп, түсіндіру және ескерту жұмыстары жүргізілді. Бұл топтағы азаматтармен жеке кездесулер ұйымдастырылып, қайта құқық бұзбау жөнінде ескерту жасалды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары пробация есебіндегі тұлғалар мен шетел азаматтарының да құжаттарын тексеріп, бекітілген талаптардың орындалуын назарда ұстады.

Жол қозғалысы қауіпсіздігі бағытында жүргізілген жұмыстар барысында 227 жол ережесін бұзу фактісі тіркеліп, оның алдын алынды. Бұл – полиция қызметкерлерінің қырағылығы мен уақтылы әрекетінің нәтижесі. 71 автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Жүргізушілермен және жолаушылармен ашық диалог ұйымдастырылып, жол ережелерін сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді.

«Қоғамдағы тәртіп пен тыныштық – бұл полицияның ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Біздің мақсатымыз – жазалау емес, алдын алу. Азаматтар заңды түсініп, оның талаптарын сақтаған жағдайда ғана қауіпсіз орта қалыптасады», – деді Бағланбек Айтпаев жүргізілген іс-шара барысында.

Шара кезінде учаскелік полиция инспекторларының жұмысы ерекше назарға алынды. Олар өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтарда тұрғындармен кездесіп, құқық бұзушылық фактілерінің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл ретте учаскелік инспекторлардың белсенділігі, халықпен тығыз байланысы және жергілікті жағдайды жақсы білуі профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаруда.

Сондай-ақ полицейлер қызметтік көліктердің техникалық жағдайын, жол қауіпсіздігіне қажетті жабдықтардың болуы және қызмет атқару барысын тексеріп, сапалы әрі заң аясында жұмыс істеуді қадағалады.

Жетісай ауданында басталған бұл бастама алдағы уақытта Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында жалғасатын болады. Бұл – облыстық полицияның құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын ұстанып отырғанының нақты дәлелі.

Тәртіп сақшылары қоғамдағы кез келген құқық бұзушылықтың алдын алып, бейбіт өмірді қамтамасыз ету үшін тынбай еңбек етуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, жергілікті тұрғындармен байланыс одан әрі нығая түседі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*