САЙРАМДА УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЛАР ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ: ТӘРТІП ПЕН СЕНІМ – БАСТЫ ҰСТАНЫМ

Сайрам ауданында учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен тікелей кездесулер өткізіп, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Мұндай кездесулер халықпен ашық диалог орнатуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және жергілікті жердегі мәселелерді жедел шешуге үлкен септігін тигізеді.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары өздерінің басты міндеті – халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау екенін атап өтіп, азаматтардың сұрақтары мен ұсыныстарын мұқият тыңдады. Сонымен қатар күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріліп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Учаскелік полиция инспекторы – қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істейтін ең маңызды буынның бірі. Ол – белгілі бір әкімшілік аумақтағы халықтың тыныс-тіршілігімен таныс, әрбір отбасының, әрбір көшенің жағдайынан хабардар адам. Сондықтан да учаскелік инспектор мен тұрғындар арасындағы өзара сенім – құқықтық тәртіп пен қоғамдық тұрақтылықтың кепілі.

Учаскелік инспекторлардың қызметі тек құқық бұзушылықты анықтаумен шектелмейді. Олар отбасылық жанжалдар мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, қоғамдық тәртіпті сақтау сынды маңызды міндеттерді атқарады. Сонымен қатар, жалғызбасты қарттар, әлеуметтік осал топтармен жұмыс істеу, жастарды құқықтық тәрбиеге баулу да – олардың күнделікті жұмыс кестесінің бір бөлігі.

Халықпен тығыз байланыс – сенімділіктің негізі. Сайрам ауданының полиция қызметкерлері осы қағиданы ұстана отырып, тұрғындармен ашық әрі әділ қарым-қатынас орнатып келеді. Азаматтардың проблемасына бейжай қарамау, уақытылы көмек көрсету – олардың басты ұстанымы.

Осындай кездесулердің басты мақсаты – құқық қорғау органдары мен халық арасындағы байланысты нығайту, азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру. Себебі қауіпсіз қоғам – тек полицияның ғана емес, бүкіл халықтың ортақ мүддесі мен жауапкершілігі. Ал осы сенімділік пен серіктестікті қамтамасыз ететін тұлға – учаскелік инспектор.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*