БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН НАСИХАТТАУҒА АРНАЛҒАН ӘСЕРЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің бастамасымен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спорттың маңызын дәріптеу мақсатында мазмұнды әрі әсерлі кездесу ұйымдастырылды. Бұл шараға Қазақстан спортының мақтаныштары – бокстан ұлттық құрама командасының бас бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов пен Олимпиада ойындарының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Біржан Жақыпов арнайы шақырылды.

Кездесуге ауданның тәртіп сақшылары, жас полицейлер мен мектеп оқушылары қатысты. Шара барысында спортшылар өздерінің өмір жолы, жеңіс пен жетістікке жетудегі қажырлы еңбектері, алға қойған мақсат-мұраттары жайлы шынайы әрі шабыттандыратын әңгіме өрбітті. Олар тек спорттағы тәжірибесімен ғана емес, өмірлік ұстанымдарымен де жастарға үлгі бола білді.

Жастар үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Өйткені олар нағыз жеңімпаздардың ауызынан табандылықтың, тәртіптің және мақсатқа жетудің құпияларын естуге мүмкіндік алды. Спортшылар жастарды үнемі ізденуге, өзін-өзі дамытуға және денсаулықты күтуге үндеді. Жиын барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, спортқа, дұрыс өмір салтына қатысты маңызды кеңестер алды.

Аудандық полиция бөлімі бұл іс-шараны өткізуде екі маңызды міндетті қатар ұстанды: ел тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларының азаматтық миссиясы мен қоғамдағы салауатты өмір салтын қалыптастырудағы рөлі. Құқық қорғау органдарының өкілдері жастардың тек білімді ғана емес, сонымен қатар дене жағынан шымыр, рухы биік болуының маңыздылығын атап өтті.

— Бүгінгі жас – ертеңгі ел тірегі. Біздің мақсатымыз – олардың бойында отансүйгіштік рухты, елге деген сүйіспеншілікті, мақсатқа ұмтылуды ояту. Тек біліммен ғана емес, қайсар мінезімен, спорттық жетістігімен де еліміздің туын желбірететін, Әнұранымызды шырқататын азаматтар керек. Біз жастарға сенеміз, — деді кездесудің ұйымдастырушыларының бірі, аудандық полиция бөлімінің өкілі.

Осы секілді игі шаралар жас буынның бойында патриоттық сезімді күшейтіп, олардың өмірлік бағытын дұрыс таңдауға жол ашады. Сонымен қатар бұл кездесулер полиция мен қоғам арасындағы тығыз байланысты нығайтуға, құқық қорғау саласына деген сенімді арттыруға ықпал етеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*