
Шымкент қалалық полиция департаменті Абай аудандық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тобының инспекторы, полиция лейтенанты Журабеков А. А. аудан аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Атап айтқанда, халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, яғни базарлар, сауда орталықтары, автобус аялдамалары және басқа да нысандарда тұрғындармен ашық сұхбаттар ұйымдастырылды. Іс-шара барысында азаматтарға Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының негізгі нормалары түсіндіріліп, отбасы ішіндегі агрессияға жол бермеудің заңды жолдары мен жауапкершілік мәселелері кеңінен баяндалды.
Полиция қызметкері азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында қандай әрекеттер жасау керектігіне ерекше назар аударды. Әсіресе, отбасында жанжалға жиі ұшырайтын, не болмаса қысымға ұшырап жүрген әйелдер мен балаларға құқықтық және психологиялық көмек алу жолдары түсіндірілді.
Іс-шара аясында әйел азаматтар арасында анонимді сауалнамалар жүргізіліп, олардың тұрмыстық ортадағы мәселелері мен қажеттіліктері зерделенді. Сонымен қатар, зорлық-зомбылықтың түрлері (психологиялық, экономикалық, физикалық, сексуалдық) мен оның салдары туралы ақпарат берілген брошюралар мен жадынамалар таратылды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға арналып, дағдарыс орталықтарының мекенжайлары, сенім телефондары мен шұғыл көмекке жүгіну нұсқаулығы ұсынылды. Полиция инспекторы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған азаматтардың қоғамнан жасырынбай, керісінше, көмек сұрауға батыл болу керектігін ерекше атап өтті. Қиын жағдайдан шығу жолы бар екенін, құқық қорғау органдары әрқашан қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Бұл бағыттағы жұмыстар Абай ауданы аумағында жүйелі түрде жалғасып келеді. Учаскелік полиция инспекторлары, ЖПҚ қызметкерлері мен арнайы бөлімше мамандары үйлесімді әрекет етіп, тұрғындармен тұрақты байланыс орнатуға басымдық беруде.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек қана полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осындай түсіндіру жұмыстары – зорлық-зомбылықтың алдын алуға, отбасындағы татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталған тиімді қадамдардың бірі.
Пікір қалдыру