
Өткен жылы еліміздің кейбір өңірлерінде жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған, елден бөлініп шығуға жария түрде шақырған әрекеттері тіркелді. Бұл фактілер қоғамда үлкен резонанс тудырып, құқық қорғау органдарының назарын аудартты. Мұндай әрекеттер еліміздің Конституциялық құрылысына және ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабының 2-тармағында:
«Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағына қолданылады. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді», – деп нақты көрсетілген.
Бұл қағида — мемлекеттіліктің іргетасы. Аумақтық тұтастықты бұзу немесе елден бөліп шығуға шақыру — тек саяси емес, сонымен қатар қылмыстық әрекет болып табылады.
Заң алдындағы жауапкершілік
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 180-бабына сәйкес:
«Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуды не мемлекетті ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сондай-ақ осы мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында сақтау немесе тарату — 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғады. Жаза азаматтығынан айыру түрінде де қолданылуы мүмкін».
Бұл бапқа сәйкес, ел тұтастығына қарсы бағытталған кез келген насихат немесе үндеу — ауыр қылмыс. Мұндай әрекеттер мемлекеттің тыныштығы мен қоғамның бірлігін бұзуға бағытталғандықтан, заң ең қатаң жауапкершілік түрлерін қарастырады.
Сонымен қатар, бұл қылмыстың ескіру мерзімі жоқ. Яғни, қандай мерзім өтсе де, кінәлі тұлғалар заң алдында міндетті түрде жауап береді (ҚК 39-баптың 1-бөлігі және 71-баптың 6-бөлігіне сәйкес).
Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабында:
«Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс», – деп көрсетілген.
Яғни, әрбір азамат өз ойын еркін білдіруге құқылы болғанымен, бұл еркіндік мемлекетке қарсы бағытталған, қоғамда іріткі салатын әрекеттерді ақтамайды. Сөз бостандығы — анархия емес. Ол мемлекет тұтастығына, ұлт бірлігіне және қоғам қауіпсіздігіне зиян келтірмеуі тиіс.
Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріледі. Алайда, осы құқықтар азаматтардың мемлекет алдындағы міндеттерімен қатар жүреді. Елінің тұтастығы мен бірлігін қорғау — әрбір азаматтың борышы.
Кейбір жеке тұлғалардың, әсіресе әлеуметтік желілерде, өңірлік ерекшеліктерді желеу етіп, Қазақстаннан бөлініп шығуға үндеуі — тек арандатушылық емес, сонымен бірге еліміздің болашағына жасалған қауіп. Мұндай әрекеттер тек құқықтық тұрғыдан ғана емес, этикалық және адамгершілік тұрғысынан да қабылданбайды.
Мемлекеттің тұтастығын сақтау — тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат елінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қадірлеуі тиіс. Қазіргі таңда әлемдік геосаяси ахуал күрделі. Осындай жағдайда ел ішіндегі тұрақтылық пен тұтастықтың мәні бұрынғыдан да арта түседі.
Қазақстан – біртұтас, тәуелсіз мемлекет. Оның шекарасы да, егемендігі де даусыз. Кез келген бөлінушілікке, мемлекетті ыдыратуға бағытталған әрекеттерге жол берілмеуі тиіс. Заң баршаға ортақ. Ал оның орындалуы — еліміздің келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Пікір қалдыру