МЕГАПОЛИС ПОЛИЦЕЙЛЕРІНЕ – ЖОҒАРЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛДІ

Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік – кез келген мемлекеттің дамуының негізгі шарттарының бірі. Әсіресе, халық тығыз шоғырланған ірі мегаполистерде қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу – күрделі әрі жауапты міндеттердің қатарында. Бұл бағыттағы басты тірек – азаматтардың тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәртіп сақшылары, яғни полиция қызметкерлері.

Қазіргі таңда полицияның рөлі тек құқық бұзған адамды жазалау немесе оқиға орнына уақытылы жетумен шектелмейді. Олар қоғамдық өмірдің барлық саласына белсенді араласып, тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға күш салып келеді. Бұл бағытта қала тұрғындарының сеніміне ие болу – маңызды басымдықтардың бірі. Сенімділік, ашықтық және сыпайылық – полицияның қызметіндегі басты қағидаларға айналуда.

Жуырда мегаполис аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кезекті нұсқаулық жиын өтті. Бұл шараны қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов жүргізіп, жеке құрамның қызметке дайындығын мұқият тексерді. Нұсқаулық барысында тәртіп сақшыларының нысанды киім үлгісі, қызметтік құжаттары мен қажетті құрал-жабдықтарының толықтығы қатаң бақылаудан өтті.

Полковник Мылтықов полицейлерге кәсіби тәртіпті сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Қызмет барысында әр қызметкердің азаматтармен сыпайы, мәдениетті сөйлесіп, заң аясында әрекет етуі – қоғамдағы тәртіп пен өзара құрметтің негізі екендігі ескертілді. Сонымен қатар, полицейлерге жүктелген басты міндеттер – құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмысқа тосқауыл қою, төтенше жағдай туындағанда шұғыл әрекет ету сынды бағыттар бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Полицияның бұл жұмыстары көп жағдайда көзге көрінбей қалуы мүмкін, алайда олардың күнделікті атқаратын еңбегі – қоғамдағы тұрақтылықтың мызғымас тірегі. Тәулік бойы тынымсыз қызмет атқаратын тәртіп сақшылары көшелер мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, түрлі деңгейдегі құқық бұзушылықтармен күрес жүргізіп келеді. Олар балабақша мен мектептердің, сауда орындарының, ойын-сауық орталықтарының, көлік жүйесінің және басқа да қоғамдық орындардың қауіпсіздігін қамтасыз етуге атсалысады.

Мегаполистегі өмір ырғағы үнемі өзгеріп, күрделеніп отыратыны белгілі. Сол себепті полиция жұмысы да үздіксіз жетілдіріліп, жаңаша тәсілдермен толықтырылып келеді. Қазіргі замандағы қауіп-қатерлерге жауап беру үшін тәртіп сақшылары жаңа технологиялар мен инновациялық әдістерді кеңінен қолдануда. Бейнебақылау жүйелерінің дамуы, цифрлық бақылау мен деректерді сараптау арқылы полиция қылмыстың алдын алуда нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр.

Сонымен қатар, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – полиция қызметінің тағы бір маңызды бағыты. Олар тұрғындармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түрлі акциялар ұйымдастырады. Мұндай профилактикалық шаралар құқықтық сананы арттырып, қоғам мен полиция арасындағы байланысты нығайтады.

Қорыта айтқанда, полиция – тек заңды орындаушы орган ғана емес, қоғамдағы тыныштық пен бірліктің діңгегі. Олардың кәсіби біліктілігі, тәртіпке беріктігі мен азаматтарға деген құрметі – қауіпсіз қоғам құрудың басты кепілі. Сол себепті әрбір тәртіп сақшысының еңбегі елеулі әрі құрметке лайық. Қоғам тыныштығын күзететін сақшыларымызға қолдау көрсету – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*