Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдық концерті тәртіп сақшыларының бақылауымен өтті

желіден алынған

Шымкент қаласында қазақ вальсінің королі, халық сүйіспеншілігіне бөленген композитор Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған салтанатты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан сазгердің есімі қазақстандықтар үшін ерекше қымбат. Мерекелік кешке қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, өнерпаздардың орындауындағы ұлы композитордың жүрекке жақын, ел арасына кеңінен тараған сүйікті әндерін тыңдады.

Іс-шара барысында сахна төрінде белгілі әншілер мен жас таланттар өнер көрсетіп, қалың көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Шәмшінің әндері шырқалған сайын залдағы қауым бір кісідей қосылып, ұлттық рух пен мақтаныш сезімін асқақтатты. Концерт шығармашылықпен қатар, өнер мен мәдениетті дәріптеудің, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулудың жарқын үлгісіне айналды.

Мерекелік кеш жоғары деңгейде өтуі үшін қауіпсіздік шаралары да мұқият ойластырылды. Шымкент қаласының Полиция департаменті мен Патрульдік полиция полкі қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша күшейтілген режимде қызмет атқарды.

Тәртіп сақшылары концерт өтетін аумақты және оның маңайын жаяу және автокөлікпен патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың қауіпсіздігін жіті бақылауға алды. Қоғамдық орындарда тәртіп бұзуға жол бермеу, құқық бұзушылық деректерін дер кезінде анықтау және тиісті шаралар қабылдау негізгі міндеттердің бірі болды.

Сонымен қатар, жол-патрульдік полиция қызметкерлері іс-шара кезінде жол қозғалысын реттеу жұмыстарын жүргізді. Концертке келген көліктердің ретсіз қозғалысын болдырмау үшін автотұрақ аумақтарында тәртіп сақталды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қажетті шаралар қабылданып, жүргізушілерге жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, мұндай ауқымды мәдени іс-шараларда тәртіпті қадағалау — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, сонымен бірге әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарына қоғамдық тәртіпті бұзбауды және қауіпсіздік талаптарына құрметпен қарауды ескертті.

Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған мерекелік кеш халық жадында ұзақ сақталатын ерекше мәдени оқиғаға айналды. Ұлы сазгердің әндері бүгінгі күнге дейін ел жүрегінде жаңғырып, бірлік пен татулықтың, сүйіспеншілік пен рухани құндылықтардың символы болып қала бермек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*