Шымкентте тәртіп сақшылары заңсыз жабдықталған көліктерді айыптұраққа қойды

желіден алынған

Шымкент қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Патрульдік полиция полкі қызметкерлері күндізгі және түнгі кезекшілік кезінде бірқатар заңсыздықтарды анықтап, кінәлі тұлғаларға қатысты заң аясында шаралар қабылдады.

Қызметтік міндетін атқару барысында полицейлер әйнектері заң талаптарына сай келмейтіндей күңгірттелген KIA K5 автокөлігін тоқтатып, жүргізушісіне қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы әкімшілік заңнамасына сәйкес тиісті шара қолданды. Осыған ұқсас тағы бір дерек кезінде тәртіп сақшылары Chevrolet Cobalt маркалы көлікті тоқтатып, оның да алдыңғы әйнектерінің мөлдірлік деңгейі заңға сәйкес келмейтінін және жарық беру аспаптарының стандартқа сай еместігін анықтады. Кінәлі тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Естеріңізге сала кетейік, көліктің алдыңғы және алдыңғы бүйірлік әйнектерін күңгірттеу – заң бұзушылық болып табылады. Мұндай әрекеттер жүргізушінің көру мүмкіндігін төмендетіп қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады.

Сонымен қатар, түнгі уақытта жүргізілген рейдтер кезінде полиция қызметкерлері рұқсатсыз қайта жабдықталған BMW автокөлігін анықтап, заңнамаға сәйкес шаралар қабылдады. Көлік айып тұрағына қойылды. Дәл осындай заңсыздық мотокөлік жүргізушісінен де тіркелді: ол өз көлігін техникалық талаптарға сай емес жағдайда басқарған. Бұл дерек бойынша да әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шара қабылданды.

Полицейлердің айтуынша, көлік құралын заңсыз қайта жабдықтау жол қозғалысы қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді. Әсіресе, жарық беру жүйесін, дыбыс шығару құрылғыларын немесе басқа да техникалық элементтерді рұқсатсыз өзгерту апатты жағдайға әкелуі мүмкін. Сол себепті тәртіп сақшылары жүргізушілерге мұндай әрекеттердің заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

Рейдтік шаралар барысында патрульдік полиция қызметкерлері мопед және өзге де екі дөңгелекті көлік құралдарын басқарушыларға да ерекше назар аударды. Нәтижесінде бірнеше құқық бұзушылық фактілері анықталды: кейбір жүргізушілердің құжаттары болмаған, бірқатары қауіпсіздік шлемін кимей қозғалған, сондай-ақ көліктерін техникалық ақаумен басқарған немесе жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Барлық дерек бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, заңға сәйкес шара қабылданды.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары заманауи техниканы да пайдаланды. Дрон құрылғысы арқылы жүргізушілердің қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен фактілері тіркелді. Мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өміріне елеулі қауіп төндіретіні белгілі. Бұл жағдайлар да назардан тыс қалмай, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Патрульдік полиция полкі өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарына тағы бір мәрте ескерту жасады: көлік жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Әсіресе, көлік құралын тек жарамды техникалық күйде және заң талаптарына толық сай жағдайда басқару – әрбір жүргізушінің басты міндеті. Бұл өзіңіздің ғана емес, жолдағы өзге азаматтардың да өмірін қорғаудың кепілі.

Шымкент полицейлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да үздіксіз жалғастыратынын мәлімдеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*