
Шымкент қаласында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қорқынышсыз өмір сүруіне бағытталған ерекше жоба жүзеге асырылды. «ӘЙЕЛ.ҚҰҚЫҚ.ҚОРҒАНЫС» атты бес күндік өзін-өзі қорғау курсы нәзік жандыларға практикалық және теориялық сабақтар өткізу арқылы құқықтық білім мен нақты қорғану дағдыларын меңгеруге мүмкіндік берді.
Курстың алғашқы күнінде қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық ұғымы, оның түрлері мен салдары туралы жан-жақты ақпарат алды. Тәжірибелі мамандар әйелдердің жиі кездесетін тұрмыстық қиындықтарда қалай әрекет ету керектігін нақты мысалдар арқылы көрсетті. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі, сенім телефондары мен көмек көрсету орталықтарының қызметі туралы маңызды ақпарат ұсынылды.
Екінші күні практикалық сабақтар басталды. Арнайы дайындалған жаттықтырушылар қатысушыларға өзін-өзі қорғаудың қарапайым әрі тиімді тәсілдерін көрсетті. Сабақ барысында нәзік жандылар қауіпті жағдайдан шығу жолдарын меңгеріп, өздерін қорғауды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды. Жаттығулар олардың сенімділігін арттырып, батылдық пен төзімділік қасиеттерін нығайтты.
Курс барысында қатысушылар тек физикалық қорғаныс әдістерін ғана емес, психологиялық тұрақтылықты қалыптастыру, өз құқықтарын қорғау және қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын да меңгерді. Бұл тәсіл қатысушылардың тек физикалық тұрғыда емес, рухани тұрғыда да дамуына септігін тигізді.
Курсқа қатысқан әйелдер өз пікірлерінде бұл бастаманың өздеріне сенім беріп, күнделікті өмірде қажет білімдерді игеруге көмектескенін атап өтті. Көптеген нәзік жандылар мұндай курстардың тұрақты түрде өткізіліп тұруын қалайтынын білдірді.
Ұйымдастырушылар курстың әйелдерге қолжетімді кеңестер беру, қоғамда олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды алдағы уақытта да жалғастыратынын хабарлады. «ӘЙЕЛ.ҚҰҚЫҚ.ҚОРҒАНЫС» курсы нәзік жандыларға өздерін қорғауды үйретіп қана қоймай, олардың қоғамдағы орнының маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Пікір қалдыру