
Шымкент қаласында 50 белсенді жасты жинаған ерекше форматтағы «Болашағымыз – өз қолымызда» атты интерактивті кездесу ұйымдастырылды. Шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, киберқауіпсіздік пен есірткі қылмысының алдын алуға, сондай-ақ олардың әлеуметтік белсенділігін дамытуға бағытталды.
Кездесудің негізгі спикерлері ретінде Қабыл Сұлтан Абзалұлы – Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі және Карбеков Бауыржан Қанатұлы – Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі сөз сөйледі. Олар жастарға қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – интернеттегі алаяқтық, кибербуллинг және есірткінің зияны туралы кеңінен түсіндіріп, нақты мысалдар келтірді.
Бағдарлама мазмұны жан-жақты әрі жастарға қызықты форматта өтті. Қатысушылар киберқауіптер мен есірткі тәуекелдері жөніндегі сараптамалық баяндамаларды тыңдап қана қоймай, Алматыда ұйымдастырылған республикалық лагерьдің таныстырылымымен танысты. Бұдан бөлек, жастар Kahoot ойыны мен арнайы квестке қатысып, өз білімдерін тәжірибеде сынап көрді.
Кездесу еркін пікір алмасу алаңына айналып, жастар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, пікірлерін ортаға салды. Шараның бейресми бөлігінде қатысушылар достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған пицца-патиға қатысты. Мұндай формат, ұйымдастырушылардың пікірінше, жастардың ашықтығын арттырып, еркін әрі сенімді атмосфера қалыптастырады.
Бұл бастаманы ASAA ұйымының президенті, Шымкент қаласы полиция департаменті жанындағы нашақорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу кеңесінің төраға орынбасары және консультативтік-кеңесші органының мүшесі Данара Саранова көтерді. Ол жастардың әлеуетін қоғам игілігіне пайдалану қажеттігін ерекше атап өтті.
Кездесуді жүзеге асыруға Шымкент қаласы Полиция департаменті, Deutsche Gesellschaft für Internationale Zusammenarbeit (GIZ) GmbH, Жастар ресурстық орталығы және ASAA еріктілері қолдау көрсетті. Мұндай әріптестік шараның мазмұнын байытып, жастарға пайдалы әрі әсерлі орта қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы кездесулер жастар арасында құқықтық мәдениетті арттырып қана қоймай, олардың әлеуметтік белсенділігіне серпін береді. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар жас буынның салауатты өмір салтын қалыптастыруға, зиянды әдеттерден алшақ болуға және заманауи сын-қатерлерге қарсы тұруға ықпал етеді.
Пікір қалдыру