ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ АҚШ-ТАҒЫ ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІН НАСИХАТТАП ЖҮРГЕН ХАЛЛЕ БАТВИНГЕ АЛҒЫС АЙТТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон орталығының халық шығармашылығы және мәдени мұра арнайы жобалары жөніндегі директоры Халле Батвинге қазақ мәдениетін Америка Құрама Штаттарында белсенді түрде насихаттап жүргені үшін ризашылығын білдірді.

Президенттің айтуынша, мәдени дипломатия — екіжақты ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі. Ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтып, екі ел халықтарының рухани жақындасуына септігін тигізеді.

Халле Батвин басқаратын жобалар аясында қазақ мәдениетінің бай мұрасы — дәстүрлі музыка, қолөнер, ұлттық киім, тағам түрлері, әдет-ғұрып пен тарихи дүниетаным америкалық аудиторияға кеңінен таныстырылып келеді. Бұл жұмыс тек танымдық қана емес, сонымен қатар ғылыми сипатқа да ие.

Атап айтқанда, Смитсон орталығы жанынан құрылған Қазақстанның мәдени мұра қоры отандық өнер мен дәстүрлі мәдениетті халықаралық деңгейде дәріптеуге бағытталған. Қор қазақ халқының тарихы мен рухани өмірін зерттеуге арналған ғылыми жобаларды жүзеге асырып, отандық және шетелдік сарапшылардың бірлескен бастамаларына қолдау көрсетіп келеді.

Сондай-ақ қор аясында түрлі көрмелер, шеберлік сабақтары, фольклорлық фестивальдер және мәдени форумдар өткізіліп тұрады. Бұл шаралар қазақ мәдениетінің түп тамырын, ұлттық ерекшелігін және заманауи әлеуетін әлем жұртшылығына кеңінен танытуға мүмкіндік беріп отыр.

Смитсон институтының өзі — әлемдегі ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешендерінің бірі. Оның құрамына 21 музей мен галерея, 14 ғылыми және оқу-ағарту орталығы, бірнеше кітапхана мен ұлттық зообақ кіреді. Жыл сайын бұл кешенді 30 миллионнан астам адам тамашалайды.

Қазақ мәдениетін жаһандық деңгейде таныту — Қазақстанның халықаралық мәдени саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі. Осы орайда, Смитсон орталығы сынды іргелі ұйыммен әріптестік орнату еліміздің ұлттық мұрасын әлемге танытудың тиімді жолдарының бірі болып отыр.

Мемлекет басшысы мәдени бағыттағы мұндай бастамалардың одан әрі жалғасып, Қазақстан мен Америка арасындағы ынтымақтастықты тереңдете түсетініне сенім білдірді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*