ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ САЛАНЫ ЖАҢҒЫРТУ – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынды. Мемлекет басшысы мемлекеттік құрылымдарға бірқатар маңызды тапсырмалар беріп, олардың орындалуын ерекше бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Президенттің Жолдауындағы негізгі назарда болған салалардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты (ТҮКШ) жаңғырту және су инфрақұрылымын дамыту мәселесі. Бұл саланың ұзақ жылдар бойы ескерусіз қалып, қазіргі уақытта тозу деңгейі аса жоғары екені айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың салғырттығы нәтижесінде бұл сала мүшкіл күйге түскен. Алайда қазіргі таңда жағдайды өзгертуге бағытталған нақты шаралар қолға алынуда.

Президент инфрақұрылымды тиімді басқару үшін жаңа тарифтік саясат пен басқару моделін енгізудің маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, тарифтерді ырықтандыру арқылы халыққа сапалы әрі сенімді қызмет көрсету тетігі енгізілуі тиіс. Бұл ретте әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып, «Ақылды қала» тұжырымдамасын барлық өңірлерге енгізу қажеттігі айтылды. Мұндай модель тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл үшін отандық және шетелдік білікті мамандарды тарту арқылы басқару жүйесінің сапасын арттыру көзделіп отыр.

Тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғыртудың қажеттілігі iKomek орталығына келіп түсетін өтініштерден де айқын көрініп отыр. Шымкент қаласында азаматтардан келетін өтініштердің басым бөлігі сумен жабдықтау, жылу, жарық және кәріз жүйесіне қатысты мәселелерді қамтиды. Қалалық әкімдік бұл бағытта жұмыстар жүргізіп жатқанымен, түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін жүйелі жаңғырту қажет. Жөндеу мен жаңарту жұмыстары кешенді түрде жүргізілген жағдайда ғана тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптасатыны сөзсіз.

Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздегі су ресурстарының тапшылығы мәселесіне де кеңінен тоқталды. Табиғи су қорының жылдан-жылға азайып келе жатқанын ескерте отырып, Президент суды үнемді пайдалану мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл – тек бүгінгі емес, келешек ұрпақтың игілігі үшін қолға алынуы тиіс маңызды бастама.

Суды ұтымды пайдалану, ысырапшылдыққа жол бермеу, әр азаматтың экологиялық және тұтынушылық мәдениетін арттыру – еліміздің болашағы үшін аса қажет. Бұл орайда әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында үнемшілдік пен жауапкершілікке тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс. Білім беру ұйымдарында су ресурстарын сақтау, климаттық өзгерістерге бейімделу және экологиялық қауіпсіздік туралы арнайы сабақтар мен іс-шаралар ұйымдастыру өзекті болмақ.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – мемлекеттің халық алдындағы күнделікті қызметінің маңызды бөлігі. Бұл саланың тиімді жұмыс істеуі азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы реформалар уақыт күттірмейді және оларды сәтті жүзеге асыру үшін барлық деңгейдегі билік құрылымдарының бірлескен әрекеті қажет.

Президенттің Жолдауында көтерілген мәселелер еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына негіз бола алады. Бұл бастамаларды сәтті іске асыру үшін белсенді қоғамдық бақылау, сапалы жоспарлау және тиімді орындау механизмдері қатар жүруі тиіс.

Азат ӘМІРТАЕВ,
Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жергілікті заңдылықты қадағалау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*