Созақ ауданы — Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығына бейім өңірлердің бірі. Мұнда соңғы жылдары егін шаруашылығын дамыту, жерді тиімді пайдалану және суармалы жүйелерді жетілдіру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл саланың дамуы аудандағы агроэкономиканың тұрақтылығын арттырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер етуде.
Аудан аумағында егін шаруашылығына бағытталған жерлер жыл сайын ұлғайып келеді. Мәселен, 2024 жылы аудан бойынша 14 275 гектар егіс алқабы игеріліп, жоспар 103 пайызға орындалған. Бұл көрсеткіш жердің шаруашылыққа қолайлы екенін және агроқұрылымдардың тиімді жұмыс істеп жатқанын аңғартады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің деректеріне сүйенсек, жергілікті шаруалар негізінен арпа, бидай, жүгері және майлы дақыл – мақсары өсірумен айналысады. Мәселен, 285 гектар жерге бидай, 1 016 гектарға арпа, 817 гектарға жүгері және 1 227 гектарға мақсары егілген. Осындай алқаптарды игеру барысында техника паркі жаңартылып, суару технологиялары енгізілуде.
Шаруалардың айтуынша, жердің сапасы жақсы, бірақ кей жылдары қуаңшылық пен су тапшылығы қиындық тудырады. Бұл әсіресе жаз айларында байқалады. Дегенмен соңғы уақытта аудан аумағында суармалы жер көлемін арттыру бойынша жүйелі шаралар қолға алынған. Өткен жылдары «Атамекен» және өзге де шаруа қожалықтары 62 гектар алқапқа жаңбырлатып суару жүйесін орнатты. Бұл — суды үнемдеумен қатар өнім шығымдылығын арттыруға мүмкіндік беріп отырған заманауи әдіс.
2025 жылы Шу өзені арқылы Созақ ауданына 1,5 миллиард текше метрден астам су жеткізілді. Бұл көлем егістік жерлерді сумен қамтуда елеулі қолдау болды. Дегенмен, ауданның барлық аумағын сумен толық қамтамасыз ету үшін әлі де инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қажет. Әсіресе, жазғы маусымда су тапшылығы байқалатын елді мекендерде қосымша тоғандар мен су қоймалары салу қажеттігі туындап отыр.
Созақ ауданының шаруалары егін өнімдерін негізінен ішкі нарыққа өткізеді. Арпа мен бидай аудан және облыс көлемінде сұранысқа ие болса, жүгері мен мақсары мал азығы ретінде де пайдаланылады. Бұл өз кезегінде ауданның мал шаруашылығымен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Мал басының көбеюі – егін өнімдеріне деген сұранысты арттырып, агроөндірістік айналымның тұрақты жүруіне ықпал етуде.
Ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамтылғандар саны да өсіп келеді. Бүгінде Созақ ауданында 1 394 агроқұрылым тіркелген, оның ішінде 697 шаруа қожалық мал шаруашылығымен айналысады. Егін шаруашылығы саласында да мыңнан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – жергілікті халықтың табысын арттырып, ауыл экономикасын нығайтудағы маңызды фактор. Мысалы, бір ғана «Балтабай» шаруа қожалығы 26 адамды жұмыспен қамтып, өнімді өңдеу және ет өндірумен қатар егін шаруашылығын да дамытып отыр.
Дегенмен, салада шешімін күткен мәселелер де бар. Кейбір аймақтарда жайылым тапшылығы мен топырақтың қажуы байқалады. Сондай-ақ, суару жүйелерін жаңарту мен суды үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажеттігі де өзекті болып отыр.
Созақ ауданының агросекторын дамыту келешекте үлкен әлеуетке ие. Аудан әкімдігі мен тиісті сала мамандарының айтуынша, алдағы уақытта тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін кеңейту, егіс алқаптарын әртараптандыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісін жолға қою жоспарланған.
Созақ ауданының егін шаруашылығы тұрақты даму жолына түсті. Соңғы жылдары жер игеру көлемі артып, суару жүйелері жаңғыртылып, жұмыс орындары көбеюде. Алдағы уақытта жаңа технологиялар мен тиімді аграрлық саясаттың арқасында аудан ауыл шаруашылығында жоғары нәтижелерге қол жеткізері сөзсіз.
Пікір қалдыру