Шымкент пен Түркістан қаласының тұрғындарына түркі елдерінен келген қуыршақ театрлары өз қойылымдарын ұсынуда

Оңтүстікте өтіп жатқан «Ортеке» V Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі аясында Түркістан – Шымкент қалаларының тұрғындары мен қонақтары: М. Жанғазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры, Абдолла Шаиг атындағы Әзірбайжан мемлекеттік қуыршақ театры, Түркиядан Адана қалалық муниципалдық театры және «Қаракөз» театрлары, сонымен қатар Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры, Маңғыстау облыстық қуыршақ театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры және С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры ұжымдарының орындауында қазақстандық және шетелдік авторлардың туындыларын тамашалай алады.Осы орайда, барлық спектакль көрсетілімдерінің құрамына режиссер, Астана қаласы Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ешмұратова Құралай Халекетқызы (Қазақстан), UNİMA Халықаралық қуыршақ театрлары одағының Түркиядағы мүшесі, сыншы, қуыршақ театрларын зерттеуші-жазушы Озхан Мевлут (Түркия), Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Орынбор облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Смирнов Вадим Александрович (Ресей), Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы, ҚР еңбек сіңірген артисі Сабила Абуева (Қазақстан), Д. Танасоглу атындағы Гагауыз ұлттық театрының директоры Михаил Константинов ( Молдова) төрелік ететін болады.Халықаралық шара қазылар алқасының қатысуымен баспасөз отырысынан бастау алған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуде фестиваль мақсаты мен  талаптар сынды көптеген сауалдарға жауап берілді.«Ортеке» V Халықаралық фестивалі 9 маусымға дейін жалғасады. Жеңімпаздар ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының арнайы тағайындаған жүлделерімен марапатталады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*