Әбсаттар қажы Дербісәлі Сайрамнан шыққан үш оқымыстының еңбектерін тапты

Әбсаттар қажы Дербісәлі Үндістанның Кашмир қаласынан Яссауи бабамыздың 5-6 ұрпағын тауыпты. Испания астанасы Мадридтен де Яссауиге қатысты тарихи жәдігер – Яссауи трактатын тапқан жазушы қазіргі Сайрам ауданынан шыққан үш оқымысты – Низамиддин әз Сайрами, Әбдірахман әз Сайрами, Сайфаддин әз Сайрами есімді ғалымдардың еңбектерінің көшірмесін алыпты. Шығыстанушы бұл жөнінде Жансейіт Қансейітұлымен кездесу барысында баяндады. Бұл жаңалықтары туралы халықаралық үлкен басқосуларда баяндап жүрген ғалым бұл мәліметтер түп-тұқиянымыздың тереңдігін нақтылауда болашақ ұрпақ үшін өте құнды дүние деп біледі. Сонымен бірге, өз сөзінде, ежелгі Отырар қаласынан 30 Фарабидің шыққанын алға тартқан Ә.Дербісәлі Қазақстанның әрбір қаласы, соның ішінде Оңтүстіктегі әрбір шаһар терең тарихи сырды қойнауына бүгіп жатқанын меңзейді. Демек, алаштың дархан даласы қазына, байлығынан бөлек, рухани байлығы тасыған мекен екенін өз еңбектерімен тағы бір дәлелдеген шығыстанушы келешек ұрпақ үшін әлі де ізденуден талмайтынын жеткізді. Жазушының еңбектерімен танысқан Жансейіт Қансейітұлы шығыстанушының Оңтүстікке қатысты еңбектерін жергілікті басылым беттері мен жеке баспаларда жариялап, ұлттың рухани байлығын толықтырып, оны көтеру жөнінде жауапты басшыларға тапсырма берді. Өз кезегінде, Әбсаттар Бағысбайұлы бұл нұсқауды Мемлекет басшысының рухани жаңғыру мақаласындағы тапсырмаларын жүзеге асыруда жақсы бастама екенін тілге тиек етті. Одан соң, шығыстанушы Оңтүстіктің белсенді жастарымен кездесіп, руханият саласында пікір алмасты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*