МАҚТАРАЛДА ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СҮЙЕМЕЛДЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Мақтарал ауданында ҚР Бас прокуратурасының «Отбасылық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталығы ашылды. Лента қию рәсіміне Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, аудан прокурорының міндетін атқарушы Айтболат Досаев қатысты.Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «отбасылық құндылықтар» жайлы айтып өтеді. Яғни, мемлекеттің көптеген отбасылардан тұратыны, отбасылық құндылықтар жақсы сақталған сайын мемлекетіміздің бірлігі де нығая беретіні белгілі. Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталықтарының көптеп ашылуы — рухани жаңғырып жатқан еліміздің еңсесін тік көтертіп, халқымыздың ынтымағын арттыра бермек.«Статистика бойынша отбасылық зорлық-зомбылыққа көбінесе 40 жасқа дейінгі әйелдер ұшырайтыны белгілі болып отыр. Ашылып жатқан орталықтың түпкі мақсаты психологтардың көмегіне жүгіне отырып зорлық-зомбылық орын алып жатқан отбасының ішіне араша түсу, оларды сөзге келістіріп татуластыру, жалпы отбасы шеңберінде орын алған құқық бұзушылықтың қайталануына жол бермеу» — деді А.Ешанқұлова. Оның айтуынша, қазіргідей заманда әйел теңдігі мәселесі әлі де бар, қамқорлықты қажет ететін нәзік жандылардың құқығын қорғап, оларға демеу болу — кез келген дамыған елде басты мәселе саналады екен. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында көмек сұрап келгендердің санына мониторинг жүргізу, олардың барлығымен дерлік әңгіме жүргізіліп, психологиялық көмек көрсету — әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталығының басты мақсаты болмақ. Ең бастысы, ажырасудың саны көбейіп жатқан бүгінгі уақытта ең болмағанда бір отбасының шаңырағының шайқалмауын сақтап қалса — орталық өз нәтижесін көрсетті деген сөз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*