Шардарада күріш ору науқаны басталды

Шардара ауданында алғаш Ұзын ата ауылында Рахымберді Айтмырзаев төрағалық ететін «Айткүл – Атақоныс» шаруа қожалығы күріш алқабына орақ салды. Биыл 26 гектарға күріш отырғызған шаруаның көңілі сергек, алажаздайғы бейнеттің өтеуіндей болып бітік шыққан күріш масақтары иіліп тұр.– Негізінен егіп отырған тұқымымыз «Мустахиллик» деп аталатын ташкенттік сорт. Ұзақ жылдан бері күріш егуге дағдыланғандықтан, біздің өңірге қолайлы, өнімді мол беретін сортын іздестіріп жүремін. Ерте көктемде Қызылордаға арнайы барып, «Аноид» және «Янтарь» деп аталатын екі түрін әкеліп, бір-бір гектардан егіп шықтым. Жерсіндіру мақсатында отырғызған бұл дақылдар да жақсы өсіп шықты. Енді орып болған соң шығымын, сапасын анықтай жатамыз, дейді Рахымберді Айтмырзаев.

Жалпы бұл шаруа қожалығы жергілікті 6 азаматты жұмыспен қамтып отыр.
– Негізі биылғы жылы шаруалардың жағдайы жақсы деп айтуға болады. Оның бірінші себебі – жылдың басында зиянкестерге қарсы күрес жоспарлы жүргізілді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей қамқор болуымен шегірткеге қарсы жан-жақты ұйымдастырылған жұмыстар нәтижесін берді. Аудан басшысы Болатбек Дүйсенбекұлы бұл шараның өз деңгейінде атқарылуын қатаң қадағалап отырды. Шардаралық шаруалар биыл шегірткеден дін аман шықты. Сондықтан шаруалардың игілігі үшін ерте бастан қам жасаған басшыларға ауыл диқандары атынан алғысымды білдіргім келеді, дейді шаруа.
Шардара аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметі бойынша биыл аудан бойынша 896 гектарға күріш дақылы орналастырылған болса, соның ішінде Ұзын ата ауылында 200 гектар алқапқа күріш егіліпті. Бүгінде шардаралық шаруалар күрішті шашпай-төкпей жинау науқанына кіріскен.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*