Әлеуметтік балабақша ашылды

Қазығұрт ауданы, Шанақ ауылдық округі Ақжар елдімекенінде әлеуметтік балабақша ашылды. 120 орынға шақталған балабақшаның өзге бөбекжайлардан айырмашылығы жоқ. Тек, бір ғана артықшылығы бар. Ол — балабақша өз қызметін тегін көрсетеді. Яғни, мекеме балаларды ақысыз күтіп-бағады, тамақтандырады.
Ақжар елдімекені шөлді аймаққа жатады. Мұнда ағын су жоқ. Халық тек мал шаруашылығымен және арпа-бидай егумен күн көруде. Бүгінгі таңда 187 отбасы тұратын ауылдың теңжартысы кедейшіліктің шебінен шыға алмай келеді. Яғни мұндағы 70 отбасының жағдайы төмен, әлеуметтік әлсіз топқа жатады екен. Күн көріп күнелту үшін тұрғындар күні-түні жерлерін өңдеп егін шаруашылығымен айналысады. Алайда, балаларына қарайтын жан болмаған соң, кейбір отбасылар барлық шаруасын ысырып қоюға мәжбүр. Осыны ескерген ауыл тұрғыны                      Ж. Сейдуалиев ақсақал өз қаражаты есебінен балаларға арнап балабақша ашып беріпті. Бұл өздерінің күнін әрең көріп отырған ауыл тұрғандары үшін жағымды жаңалық болды. Біріншіден, ауыл балалары енді үйлерінде төрт қабырғаға қамалып, теледидарға таңылмайды. Екіншіден, екі қолға бір күрек таба алмай отырған 22 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.
Айта кетейік, Ұлы Отан соғысының ардагері С.Рахимовтың есімі берілген балабақшада бүгінгі таңда 88 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақшаның барлық шығыны — Ж.Е.Сейдуалиевтің өз қалтасынан төленуде. Осы ретте ақсақал, Қазығұрт ауданының әкімшілігі мен білім бөлімінен қолдау күтетінін жасырмады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*