Шымкентте аты бар да, заты жоқ «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов, 21 қаңтар күні Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда халық алдында есеп берген еді. Сол жиында мінберге көтерілген ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Біржан Байтуов, Шымкентте «Рухани жаңғыру» орталығын ашу жөнінде ұсыныс жасаған болатын.

«Елбасымыз Оңтүстігімізден Түркістанды облысын жасады. Шымкентті өз алдына мегаполис қылды. Бұл «Рухани жаңғырудың» ең негізгі өзегі біздің даламызда, біздің қаламызда жүріп жатыр деген сөз. Бірақ, осы салада жасалып жатқан көптеген жұмыстар жүйеге түспей жатқан сияқты көрінеді. Онсызда атқарылуы тиіс іс-шаралардың көбісі рухани жаңғыру аясында деген атпен солай ғана атқарылып жатқан сияқты. Енді қала басшылығы мегаполис болып Елбасымыз үлкен сенім артып отырған соң, үлкен бір «Рухани жаңғыру» деген орталық ашылса. Сол орталықта бүкіл біздің руханиятымызды, өнерімізді, дәстүрімізді, қазақылығымызды дамытатын салаланып, жүйеленіп жұмыс жасалса. Ол бір ішкі саясаттың 1-2 маманы не әкімдіктің 2-3 кадры ғана жұмыс жасайтын емес, бүкіл халық жұмылып сол елдің игілігіне жұмыс жасалатын нәрсе»— деді ол.

Біржанның бұл ұсынысына сол жиынға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртайдың өзі жауап берген еді.

«Рухани жаңғыру орталығы қазір ашылуға әзірленіп жатыр. Ол үлкен орталық болады. Елбасының «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы нағыз біздің өңірге айтылған нәрсе. Қай-қайсы болса да, бізге нағыз майы тамып тұрған тарихы да кеңінен жатқан біздің Шымкент қаламыз. Оның бәрі айтылып, қазір жоспары құрылып жатыр. Ол президент әкімшілігімен бекітіледі. Біз барып бір көрсетіп келдік. Ертең орталық осы айдың аяғына шейін ашылып, ол жұмыстар ары қарай жалғасын табатын болады»,- деді Қайрат Ырзақұлұлы.

Яғни, оның сөзінше орталық қаңтар айының соңында ашылуы тиіс болған. Халықты қайдам, Қайрат Нұртайдың бұл ертегісіне Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұов бірінші болып сеніп, көпшіліктің көзінше сол орталыққа ақын Біржанды басшы етуді ұсынды. Сол жиыннан кейін қаңтардың соңын күттік.

Хош! Қаңтар бітті…

Ақпан өтті…

Қайрат Нұртай «құлақтан тепті ме», әйтеуір наурыз айы келгенше сол орталықтан бір хабар болмады.  Ал, 15 наурыз күні Ұлыстың ұлы күнін тойлау жоспарымен бөліспек болып Шымкент қалалық мәдениет және ішкі саясат басқармаларының басшылығы журналистерге баспасөз брифингін ұйымдастырған болатын. Сол жиында «Рухани жаңғыру» орталығының жайын білмек болып, сауал жолдадық.

«Шымкент қаласында «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Әкімнің қаулысы шықты. Қазіргі таңда стат.управлениеде тіркеуде. Тіркеліп келгеннен кейін, біз олардың штаттық құрылымын жинақтайтын боламыз. Штат құрылымы уже Астанаға берілді. Осы 1 апта, 1 жарым апта, ары кетсе 10 күн ішінде «Рухани жаңғыру» орталығы өз жұмысын бастайды» — деді Шымкент қалалық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова.

Бүгін міне, сәуір айы кірді. Қаңтарда ашылуы тиіс болған мекемеден әлі де хабар жоқ. Бәлкім біз естімегенмен ұсыныстың авторы ақын Біржан Байтуов білер деп оған да хабарластық.

«Әлі ашылмады-ау. Ашылса естір едік қой- деп сөзін жалғады. Өткенде Қызылордаға барып келдім. Өзгелерді білмедім, «Рухани жаңғырумен» жұмыс істеп жатқан облыс Қызылорда. Анау Қорқытты Еуропа архивтерінен тауып алып, қоры құт деп дәлелдеп, үлкен рухани орталық ашты. Ол жерге Қызылордадан шыққан жан-жақтағы ғалымдарды шақырып, бір бөлімін ғылыми орталыққа айналдырып, қалған бөлімдері бүкіл аудан, ауылдардың бәрінде насихат жұмыстарын жасап жатыр. Ұлттың рухын көтеруге қатысты не бар? Ол айтыс дейсіз бе… Ол тек көпшілшікті жинап алып істейтін іс-шара емес. Қысқасы бәрін жоспарлап, ақылдасып, Қырымбек Көшербаев өзі бас болып, соған ыңғайы бар, ебі бар, жасы — үлкені бар, бәрінің басын қосып «Рухани жаңғырумен» бірден-бір жұмыс жасап жатқан облыс Қызылорда екеніне көзім жетті»— деді ақын.

Бұл орталықтың жұмысынан мәдениет пен ақпарат саласының мамандары бейхабар болса,  оның ашылғаны әлі күнге қағаз (қаулы) жүзінде деген сөз емес пе?

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*