Ж.Түймебаев мәслихат депутаттарына: «Өздеріңізше группировка болып жұмыс істегенді қойыңыздар»

Түркістан облысының әкімі көне шаһарда жергілікті аудан, қала, облыс мәслихаты депутаттарының басын қосып мәжіліс өткізді. Жиын басталмас бұрын өңір басшысының жеке өзі, рухани астананың бас жоспарына ұсынылған бірнеше жобаны халық қалаулыларына таныстырып, Түркістанның даму бағыты жайлы арнайы дайындалған бейне роликті тамашалады. 

Бүгінде көне шаһардың заманауи келбетін жасауға халықаралық байқау жарияланған. Қазіргі таңда, бұл байқауда әлемнің әр елінен 22 жоба ұсынылыпты. Жобалардың жеңімпазын арнайы құрылған комиссия анықтап, қаланың бас жоспарын бекітеді.

Осыған орай, Жансейіт Қансейітұлы, аймақтардан келген және облыстық мәслихаттың депутаттарын Түркістанды дамытуға бір кісідей атсалысуға шақырды. Сонымен қатар, ол бүгінде сөзден іске көшкен халық қалаулыры бар екенін айтып қалды. Мәселен, облыс мәслихатының депутаты Серікжан Сейітжанов рухани астанадан бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысын бастап жіберіпті. Ал, мәслихат хатшысы Қайрат Балабиевтің ұлы Нұрлан Қайратұлы, «заманауи үлгідегі фитнес орталық саламын»- деп білек сыбанып отыр екен. Мұнан өзге, түрік компаниясы да Түркістаннан бес жұлдызды қонақ үй салуға қызығушылық танытып отырғанын айта кеткен жөн.

Әзірге ауыз толтырып айтар жобалар осы. Дегенмен аймақтардан келген депутаттар «біз мынадай құрылыс бастаймыз не анандай істі қолға аламыз» деп  нақты ұсыныс айта алмады. Мұны байқаған өңір басшысы жиыннан кейін депутаттарды шығарып салып тұрып біріге рухани астананы көркейту қажеттігін нықтай түсті.

«Бәріміз команда болып жұмыс істемесек болмайды. Ертеңгі ұрпақты ойлау керек, жүз жылдан кейін не боларын ойлау керек. Сондықтан басқа күйкі тіршілік, жеке бас, топ, өздеріңізше түрлі «группировка» болып жұмыс істегенді қойыңыздар. Түсіндіңіздер ме? «Кто, чем занимается, все известно». Ондайды қойыңыздар да жұмыс істейік. Ел көтерілсе, бәрі жақсы болады»— деп сөзін түйіндеді Жансейіт Қансейітұлы.

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*