Республикамыздың облыстары Түркістанда қандай ғимараттар салатыны белгілі болды

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасына сай, Түркістан қаласын түрлендіру жұмыстарына бүткіл Қазақстан атсалысатын болады. Бұған дейін Президентіміз мемлекетіміздегі Ұлттық компаниялар мен миллиардерлерге рухани астанамызда салынатын нысандарды бөліп бергені естеріңізде болар?

Енд міне, еліміздің өзге де өңірлері Түркістанды туризм орталығына айналдыруға қол ұшын бермек. Сонымен қай облыс, нендей ғимарат салады деген сауалға жауап беріп көрелік.

Мәселен, Амандық Баталов мырза басқаратын Алматы облысы «Жастар сарайын» тұрғызады деп жоспарланып отыр. Ал, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, «Әзірет Сұлтан» қорығында мәдени-демалыс нысандарын салмақ. Атырау облысы болса, ашық аспан астындағы мәдени-тарихи мұражайдың құрылысын жүргізетін болады. Экс-премьер Даниял Ахметов әкімдік ететін Шығыс Қазақстан облысы әуенді су бұрқақ салуды көздейді екен. Теріскейдегі Солтүстік Қазақстан облысының атынан Құмар Ақсақаловтың еншісіне олимпиядалық резервті дайындайтын облыстық спорт мектебін салу тиіпті. Бір кездері Шымкентті гүлдендіріп, бүгінде Жамбыл облысын басқарып отырған Түркістан облысының тумасы Асқар Мырзахметов, «Әзірет Сұлтан» қорығына мәдени-тарихи визит орталығын тұрғызбақ. Батыс Қазақстан облысы болса, тарихи-киелі орындардың орталығының қабырғасын қалайтын көрінеді.

Мұнан бөлек, Қостанай-Қазақстан Халықтары Ассамблеясының ғимаратын, Қызылорда-Шығыс моншасын, Маңғыстау-Амфитеатр салатын болыпты. Түркістанда еліміздегі үш мегаполис те өз іздерін қалдырады. Елордасы Астана-«Астана парк» саябағын, Алматы-Медиа орталық, Шымкент- облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана құрылысын бастайды деп күтілуде.

Әзірге тек, Қарағанды мен Ақмола облыстарының рухани астанадан қандай нысан салары белгісіз. Дегенмен түркістандықтар, ол өңірлерді де жетімсіретпесіне сенімдіміз. Жақын күндері олар да өздеріне тиесілі ғимараттарды білетін болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*