Түркістан: «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының ашылғанына жарты ғасыр болды

Түркістан облысындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы республикамыздағы іргелі музейлердің бірі. Қорық-музей ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы, «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Ясауи (Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап ХIV ғасырдың соңында Әмір Темір салдырған кесене негізінде Түркістан қаласында 1978 жылы 30 қыркүйекте «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» ретінде ашылды. 1989 жылы тамыздың 28 күні Қазақ ССР Министрлер кеңесінің №256 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 24.07.2015 ж. «ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы» №585 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК болып қайта құрылды.
Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу, сақтау, қорғау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Қорық-музей аумағында мемлекеттік акт алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы жер көлемі 2306,383 га. Құрамында 9 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың ішіндегі 1 халықаралық, 21 республикалық, 7 жергілікті маңызға ие.

Музейлердің экспозиция алаңдарында жылына түрлі тақырыптағы 60-тан астам көрме ұйымдастырылады. Республика бойынша көшпелі көрмелер ұйымдастырылып, еліміздің барлық облыстары және оңтүстік өнірінің аудандары түгел қамтылып келеді.
Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде қорық-музей 2015 жылы халықаралық ICOM одағының «Жыл музейі» дипломына ие болса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық бизнес-рейтинг бағдарламасының «Өрлеу қарқыны» номинациясында Қазақстан музейлері бойынша «Сала көшбасшысы» атағына, «Алтын» рейтингісіне ие болып Халықаралық сертификатпен және арнайы «Алтын қыран» медалімен марапатталды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*