САТЫБАЛДЫ СПОРТҚА «САЛАҚ» БОЛЫП ТҰР

Түркістандық әлеуметтік желі белсендісі Олжас Мамыр, жыл басынан бері облыстың спорт саласындағы мәселелерді май шаммен қарап, былықтарын бүкпесіз жаза бастады.

Бұ жолы Олжастың құрығына «Тұран» футбол клубына бөлінген миллиардтар «ілініпті». Былтыр футболдан бірінші лигада өнер көрсеткен Түркістанның «Тұран» футбол клубы біріншілік қорытындысы бойынша 2-орын алып, премьер лигаға жолдама алған болатын. Алайда, Олжас жазған ақпаратқа сүйенсек, тұрандықтар премьер лигада биыл ойнай алмай қалуы мүмкін. Оған себеп, клубтың ойыншылар алдындағы берешегі жабылмаған. Яғни, командаға трансферлік «бан» қойылыпты. соған қарамастан, «Тұран» футбол командасына облыс бюджетінен 1 073 000 000 теңге қаржы қаралып отырған көрінеді.

Олжастың «фэйсбук» әлеуметтік желісіне жазған постының толығырақ нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

Олжас жазған ақпаратқа сенсек, «Тұраннан» толық жалақысын ала алмаған 8 ойынша әлемдік футбол қауымдастығы (FIFA) мен Еуропалық футбол қауымдастығына (UEFA-ға) клуб үстінен арыз жазған. Командаға трансферлік тосқауыл соның салдарынан қойылған екен.

Олжас Мамыр бұл мәселеден облыс әкімі Дархан Сатыбалды бейхабар болуы мүмкін деп ойлайды. Сол себепті, Дархан Амангелдіұлына мәселені тез арада реттеуін сұрапты.

Десе де, Дархан Сатыбалды бұл мәселеден бейхабар болуы мүмкін емес. Себебі, ол облыстың бірінші басшысы ретінде мәселеден хабардар болуы тиіс. Оның үстіне тұрандықтарға деген «ерекше мейірім» былтыр да болған. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы бірінші лигада ойнағанына қарамастан «Тұранға» облыс қазынасынан 1 121 53 000 қаржы қаралса, премьер лигада өнер көрсеткен «Мақтаарал» футбол клубына шамамен 800 миллион теңге атырабында ғана ақша берілген. Ал бірінші лига, премьер лигадан төмен саналады. Соған қарамастан, салаға жауапты басшылар адамның миына симайтын шешім қабылдаған. Бұл жөнінде 2023-жылы әлеуметтік желі белсенділері бірнеше рет жазды. Дегенмен, не облыс әкімдігі, не спорт басқармасы бұған қатысты жауап бермеді.

Қазына ақшасы халықтың қаржысы екенін ескерсек, Дархан Сатыбалды немесе салаға жауапты орынбасары ел алдына шығып не үшін онддай шешім қабылдағанын түсіндіруі қажет еді. Биыл да бұл жағдайдың өзгермеуі өңір басшысы Д.Сатыбалдының спортқа деген «салақ» көзқарасының айғағы. Жаны ашыса, саладағы келеңсіздіктерді жүйелеп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге ұмтылар еді.

Айтпақшы, бұған дейін Олжас Мамыр, Түскістан спортындағы тағы бір «көзбояушылық» жайлы жазып, елді шулатқан болатын. Бокстан әлем чемпионы, олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосыновқа 2021 жылы сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев табыстаған пәтердің жалдамалы екенін жазған еді. Боксшы пәтерді өз атына рәсімдей алмай 2 жылдан бері әлек болып жүрген екен. Бұл мәселеге қатысты да, облыс әкімі не оның орынбасары ел алдына шығып жауап қатпады. Тек спорт басқармасындағылар әлеуметтік желі арқылы демеуші іздеп жатқанын жазған болатын. Десе де, ол мәселе әлі күнге шешімін тапқан жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*