Шаруалар мақта шитінен таршылық көрмейді

Өңірдегі мақта егісінің басым бөлігі Мақтаарал ауданына тиесілі. Осыған орай, аудандағы кәнігі шаруалар өнімнің түсімділігін арттыруға жыл сайын күш салып келеді. Биыл мақтаралдық шаруалар мақта шитінен таршылық көрмейтін болады. Тіптен, мемлекет тұқым шаруашылығын өзімізде дамытуға ерекше көңіл бөліп, арнайы осы бағытқа субсидия бөліп отырғандығын айтуға болады. Сондай-ақ, тұқым мәселесін түпкілікті шешу үшін жер көлемі ауқымды шаруашылық басшыларымен жұмыстар да жүргізіліп жатқанға ұқсайды.

сурет today.kz сайтынан алынды

«Ауданда мақта дақылы негізгі дақыл болып саналатын бәрімізге белгілі. Сондықтан мақта дақылынан мол өнімге қол жеткізу үшін біріншіден тұқымдық шитке көңіл бөлуіміз қажет. Былтырғы жылы ауданда тұқымдық шит жетіспеушілігі орын алған жағдайы болды. Осы жағдайдың алдын алу үшін ауданда арнайы жұмысшы топ құрылып, нәтижесінде биыл ауданда 2985 тонна шит дайындалады деп жоспарланды. Оның ішінде, оригинал – 2 тн, элита – 45 тн, R-1 – 385 тн, R-2 — 100, техникалық шит – 2453. Бүгінгі таңда ауданымызда 2502 тонна шит дайын. Одан бөлек, ауданның кәсіпкерлері тарапынан Қытай, Түркия мелекеттерінен қосымша тұқымдық шит алып келу үшін жұмыстар жүргізілуде. Бұл шиттің көлемі биылғы жылы егілетін алқапқа толық жеткілікті болады деп жоспарлап отырмыз», — деді аудан әкімі Ғ.Исмаилов. Айта кетейік, өткен жылы Мақтарал ауданында 83 мың гектардан астам жерге мақта дақылы егіліп, орташа өнімділік 26,3 ц/га құраған. Яғни, мақтаралдық диқандар 218,5 мың тонна ақ алтынды жинап алған. Ал, аудандағы егістіктерді әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде биылғы жылы болжамдық мәліметтерге сәйкес аудан шаруалары 80 мың гектар алқапқа мақта дақылын егуді жоспарлап отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*