ШЫМКЕНТ: БМК КАНАЛЫ ЖЫЛЫНА 2 РЕТ ТАЗАЛАНАТЫН БОЛАДЫ

Шымкенттегі дендрологиялық саябаққа су жеткізетін БМК каналы көктемде және күзде тазартылатын болады. Бұл туралы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Бақытқалиұлы хабарлады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың Шапағат шағын ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында жергілікті халық, БМК каналын жылда тұрақты түрде тазалап, күрделі жөндеуден өткізу қажет екенін айтқан болатын. Айтуларынша каналды жылда қамыс басып, жаз айларында шыбын-шіркйге толады екен. Жағалауында қоршаулары болмаған соң, бірнеше рет көліктер де канал суына түсіп кеткен.

«Менің осында көшіп келгеніме 10 жыл болды. Басында бұл канал Казводстройға қарайтын еді. Бұрындары бастығы келіп тазалататын. Қазір бұл канал сұмдық болды. Қамыс өскенде, жағалауына шөп өскенде ну орман болады. Расын айтайын, бұл каналды бүгін сіздің келуіңізге орай тазалап шықты. Мұның жаз айларында масасы сұмдық көп болады. Ең қауіптісі қоршауы жоқ. Жағалауына өкінішке қарай, асфальт төсеуге болмайды екен. Тек тас төсеттік. Маңынан машиналар өте қатты жылдамдықпен өтеді. Бұл жерлерде балаларымыз да ойнайды. Сондықтан уайымдап отырамыз. Себебі, жоғары жылдамдықтың салдарынан 2-3 машина каналға түсіп кетті. Ал көпірінде жаяу жүргіншілерге арналған жолақ жоқ. Қауіпсіздік қорғаны атымен жоқ. Қыста көпір үстіне көк мұз қатып, ол жермен жүру өте қауіпті болады. Сізден өтініп сұраймын, бұл каналды жөндеп, тұрақты түрде тазалап тұрсаңыздар. Қарауға шамаларыңыз келмесе, көміп тастай салған дұрыс»,- дейді шапағаттықтар.

Алайда, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Бақытқалиұлының сөзіне сенсек, каналдың күтімі жақсы. Тек маңында тұратын тұрғындар каналға қоқыс тастауға жиіс әуес екен.

«БМК каналы 2022-жылға дейін Шымкентсушар мекемесінің меншігінде болған. Өздеріңіз білетіндей, бұл канал дендрологиялық саябаққа су жеткізетін канал. Ұзындығы 22,5 шақырымды құрайды. Каналдың басы мен аяқ жағында күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілген болатын. Былтыр бұл каналда мүлде су болмады. Тек биыл жібердік. Біз енді бұл каналды өз меншігімізге алдық. Бүгінгі таңда бұл каналды тазалау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу байқауы жүргізілмеген болатын. Бірақ, сушар мекемесі бұл каналды көктемде су жіберерде бір рет тазалаған болатын. Сол аққаннан ағын су күзге дейін тоқтамады. Енді судың алдын жаптық. Енді мұндағы қамыстар мен астындағ нығыздалған лайды тазалау жұмыстары енді басталып жатыр. Бұл каналдың 3 шақырымы ғана осы шағын ауданның арасынан өтеді. Өздеріңізде көріп жүрсіздер, Еңбекші ауданы әкімшілігімен бірге талай рет түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өкінішке қарай, осы маңда тұратын азаматтар үйдегі тұтыну қалдықтарынан бөлек, құрылыс материалдарын да каналға тастап жатыр. Дендрологиялық саябақтағы ағаштарды суғару жұмыстары енді аяқталды. Енді тазалап, көктемге дейін каналды дайындап қоюды жоспарлап отырмыз. Ал каналға қоршау орнату мәелесіне келсек, елдімекен арасынан өтетін тұсы әлгінде айтқандай бірнеше шақырымдарға жетеді. Егер, сіздер жақты қоршайтын болсақ, өзге де шағын аудандардың арасынан өтер тұсын қоршау қажет болады. Ол көптеген қаражатты талап етеді. Әзірге бюджетімізде ондай мүкіндік жоқ»,— дейді басқарма басшысы.

БМК каналының техиналық жағдайы жақсы екенін кездесу барысында қала әкімі Ғабит Әбдімажитұлы да айтып өтті. Сондықтан жөндеу жұмыстарын аса қажет етпейді. Десе де, тұрғындар тарапынан каналға қоқыс тастау әдетін тоқтатуды сұрады. Үлкендер тарапы осы жағын қадағалауға алса деп, өтініш айтты.

Мұнан өзге Шапағат шағын ауданының қариялары кездесу барысында жасы жетпіске толған зейнеткерлерге қоғамдық көлікте жүруді тегін ткені үші қала әкіміне алғысын айтты.

«Бізде тағы бір күрделі мәселебар. Ол кәріз жүйесі. Өткен жылы біз Еңбекші ауданына қарайтын кезде, кәріз жүйесінің жобасы жасалған. Өкінішке қарай, сол жоба дұрыс жасалмапты. Неге десеңіз, кәріз жүйесі өтуі тиіс болған көше бойынан Нұрсат шағын ауданына қарай ауыз судың үлкен магистралы өткен. Одан бөлек газ құбыры да жатыр. Соған қарамастан, кәріз жүйесін нақ сол жерден өткізуге жоба жасалған. Алайда, кәріз жүйеінің құрылысы басталған сәтте, жерді қазу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады. Өйткені, астында су мен газдың құбыры жатыр. Сол себепті, құрылыс компаниясының өкілдері кәріз жүйесінің жобасына өзгеріс енгізуге тура келді. Ол қосымша уақытты талап ететінін білесіздер. Оны да мердігер мекеме шешіп, кәріз құбырын тартып еді. Бірақ, әлі күнге үйлерімізді кәріз жүйесіне қоса алмай отырмыз. Жауаптылардың бізге түсіндіргені, мәселе  энергетика басқармасы мен зер комитетіне қарайды. Солар проблемманы шешкенде ғана, кәріз үйесіне қосыла аласыздар деді»,— деп шағымданды шапағаттықтар.

Өз кезегінде, қала әкімі жауптылардың ол уәжін растады. Қазірде аталмыш басқармалар бұл мәселелерді шешу бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп жатқан көрінеді.

«Біздегі жобаларды денін аяқтау үшін жекенің меншігінде кеткен жерлерді мемлекет мұқтаждығына қайтару қажет. Осы тұста мәселе көп. Біреу жерін беруге келіссе, енді бірі келіспейді. Ақыры сотқа жүгінеді. Ол уақыт пен көптеген қаражатты талап етеді. Бұның салдарынан жауаптыларды шаршатады. Қазір кәріз жүйесінің 80 пайызы біткен. Енді оны толық аяқтау үшін 16 тұрғын үйдің жерін алуымыз керек болып тұр. Сондықтан, кәріз жүйесінің құрылысы келер жылы аяқталуы мүмкін.  Егер, 16 үйдің тұрғыны келіспесе, онда бұл жобалар одан әріге созылуы мүмкін. Сіздерден сұрарым, бұл мәселеген түсіністікпен қараңыздар. Мүмкін өздеріңіз жергілікті тұрғындар жиналып, сол 16 үйдің қожайындарымен сөйлесіп көрерсіздер»,— деді Ғабит Әбдімажитұлы.

 

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*