ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев, Түркістандық қариялармен кездесті

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев Түркістан қаласындағы «Ардегерлер кеңесі», «Ақсақалдар алқасы» және «Қоғамдық кеңес» мүшелерімен кездесті. Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар еткен халық қалаулысы өз сөзінде «Соңғы уақытта мемлекетімізде айтарлықтай тарихи оқиғалар өткені белгілі. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Елбасы Үндеу жолдап, нақты тапсырмалар жүктеді. Екінші маңызды құжат – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы. Мұнан соң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, ұлттық кодымыз бен ұлттық болмысымызды, ұлттық санамызды жаңғырту бойынша міндеттер белгіледі. Бұл бағытта атқарылатын шауарларға келсек. Рухани жаңғыруды алдымен отбасылық құндылықтан бастауымыз керек. Біздің халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы тұнып тұрған тәрбиенің бастауы. Мұндай құндылық ешбір елде жоқ деп айтсақ болады. Сондықтан да әрбіріміз өз отбасымыздың құндылығын сақтай білсек қана қазіргі таңда жиі кездесіп жатқан тастанды сәби, әке-шешесін қарттар үйіне өткізу сияқты келеңсіз жәйттер болмас еді. Жас жұбайлар арасындағы ажырасудың тым көбеюінің қоғам үшін зардабы көп», — деп қоғамда орын алып отырған өзекті мәселелерді көп болып қолға алуға шақырды. Осы бағыттан бастау алған Әли Әбдікерімұлының баяндамасында ауылшаруашылығы саласын дамыту, шағын және орта бизнесті ілгерілету барысындағы мемлекет тарапынан жасалып жатқан оң қадамдар да сөз болды.Сенатор баяндамасынан соң жиналған қауыммен сұрақ-жауап алмасу болды. Алғаш сөз алған Жүйнек ауылдық округінің тұрғыны Ф.Абдуллаев шаруаларды ірілендіру жұмыстарындағы ұсақ шаруалардың кооперацияға бірігуі ұтымды жоба екенін айта келіп, осы тұрғыда насихат жұмыстары әлі де болса арта түссе дейді. Сол сияқты қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі М.Ханділлаев ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану үшін жерлерді суландырудың оңтайлы жолдары бар екендігін, бірақ оған республика көлемінде көмек қажет екендігін жеткізсе. Қалалық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Ж.Әзіретбергенұлы тәрбие мәселесінде ой өрбітіп, ұлттың кодын сақтауда кері әсерін тигізетін жайларды шолып өтті. Осындай ұсыныс-пікірлер ішінде медицина саласы және Түркістан қаласының мәртебесін ұлықтау мәселелері сөз болды. Бұл сауалдарға жауап берген Ә.Бектаев республика көлемінде шешілетін шаруаны Парламент қабырғасында көтеретінін жеткізді.
Кездесу соңында жиынды ашып, жүргізіп отырған қала әкімі Ә.Өсербаев барша түркістандықтар атынан Әли Әбдікерімұлына алғысын жеткізді. Айта кетерлігі, жиын соңында сенатор қалалық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Ж.Әзіретбергеновке ел игілігі жолындағы атқарған еңбегі үшін Сенат төрағасы Қ.Тоқаевтың атынан құрмет грамотасын салтанатты түрде табыстады.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*