Отырарда аламан айтыс өтті

Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен  Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»бағдарламалық мақаласы аясында Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына және «Айтыстың ақберені» атанған ақын Тәушен Әбуованың туғанына 85 жыл толуына орай аймақтық ақындар айтысы өтті.      Суырып салма айтыскерлердің сөз додасына отырарлық Дәурен Ақсақалов, Дәурен Полатбаев, бәйдібектік Қажымұхан Абзалов, Біржан Байтуов, сайрамдық Жандос Мырзабек, сарыағаштық Нұрғали Әнапиялармен қатар, қарағандылық Дидар Қамиев, Ботагөз Мұхиддинқызы,  қызылордалық Мөлдір Айтбай, Жадыра Қазиева батыс қазақстандық Бауыржан Ширмединұлы, жамбылдық Нұрлыбек Құрмановтар қатысып, айтыссүйер жұртшылыққа сөз зергерлігін танытты.
Аламан айтысты Отырар ауданының əкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы мен облыстық ақын – импровизаторлар қауымдастығының төрағасы Қабылбек Төретай құттықтау сөзбен ашып берді.
Қара домбыра күмбірі, ақындықтың шабытты сыры тұнған айтыста Тəушен Əбуованың асқақ абыройлы, сөз тамырлы мəңгілік ізі мен үлгі-өнегесі, қасиетті Отырар ауданының тарихи орны мен бүгінгі жетістігі арқау болды.Сөз дүлділдерінің додасы алдында аудан əкімі Ерлан Айтаханов, облыстық мəдениет жəне халық шығармашылығы орталығының директоры Нұрлан Əділханов, Қазақстанның Халық ақыны Əселхан Қалыбекова бастаған қонақтар Тәушен ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмені тамашалады.
Өлең құдіретінің құпиясы мен құт ұясын қанында, қаламында ойнатқан, шалқар шабыт иесінің есімін арқалаған аймақтық ақындар айтысында бас жүлдеге қарағандылық Дидар Қамиевті лайықты деп танылды. Ал, бірінші орынды батысқазақстандық Бауыржан Шимерденов, аудан әкімінің арнайы жүлдесін Қажымұхан Абзалов, екінші орынды сарыағаштық Нұрғали Әнәпия, үшінші орынды отырарлық Дәурен Полатбаев иеленсе,
«Нұр Отан» партиясының ОҚО бойынша филиалының арнайы жүлдесі қызылордалық Мөлдір Айтбайға бұйырды. Облыстық мәдениет басқармасының сыйлығын қарағандылық Ботакөз Мұхиддин, Отырар мемлекеттік археологиялық-қорық музейінің алғыс хаты мен арнайы сертификатын жамбылдық Нұрлыбек Құрмановтар қанжығасына байлады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*