ЖЕТІСАЙДАҒЫ МАҚТАЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ КӨШЕЛЕР ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында билік пен бұқараның арасындағы байланыстың ашықтығын нығайту, қоғамды одан әрі демократияландыру мақсатында бекітілген кестеге сәйкес Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті халықпен кездесуі мен қоғамдық қабылдауы Мақталы ауылдық округінде өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық мәслихат депутаты Азамат Қожабаев, бөлімдер мен квазимемлекеттік мекеме басшылары, округ тұрғындары мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.
Жиынды жыл басынан бері аудан мен ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған және алдағы атқарылар жұмыстардың жоспарларын таныстырумен бастаған аудан басшысы агросектор мен кәсіпкерлік, мәдениет пен спорт, құрылыс, білім мен денсаулық сақтау салаларында жеткен жетістіктерге тоқталды.
Ағымдағы жылдың бірінші жартысында аудан әкімімен өткен кездесуде Мақталы ауылдық округінің тұрғындары тарапынан 13 мәселе көтерілсе, бүгінде оның 4-і өз шешімін тапқан. Зерделеу мен қосымша қаржыны қажет ететін қалған 9-ы орындалу барысында.
Серік Үсенұлы тұрғындармен кездесуі барысында Тың елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын Тәуелсіздік көшесін орта жөндеу жұмыстарын және Дархан, Тың елді мекенінен спорт алаңшасын салуды бастауға тиісті қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Сонымен қатар, облыстық маңызы бар КХ-100 автожолын орта жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жоспарға сай жұмыстар басталса, Жетісу елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілуде. Алмалы, Мақталы елді мекендеріндегі табиғи газ құрылысы аяқталып, Дархан, Темір жол, Сарқырама елді мекендерін табиғи газға қосу үшін құрылыс жұмыстары басталған. Алтынсарин елді мекенінен спорт алаңшасын салуды бастауға 8,4 млн теңге бөлінді. Мақталы елді мекеніндегі Достық, Атамекен көшелерін, Жетісу елді мекеніндегі Болашақ көшесін жарықтандыру үшін бюджеттен 5,4 млн теңге қаралған.
Ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын Алмалы елді мекеніндегі Мырзашөл, Шолпанқұдық елді мекеніндегі Тәуелсіздік, Алтынсарин елді мекеніндегі Шұғыла, Дархан елді мекеніндегі Достық көшелеріне орта жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастау үшін қаржы бөлініп, Сарқырама елді мекеніндегі Егем көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Мақталы елді мекеніндегі Тәуелсіздік көшесіне аяқ жол салу үшін 8,4 млн теңге қарастырылған.
Осы және өзге де мәліметтерді кеңінен тарқатып айтқан Серік Үсенұлы жиын соңында азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Өзекті мәселелердің шешілу жолдарын бірге талқылады. Тиісті бөлімдер мен жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*