ШЫМКЕНТТЕ «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚОҒАМДЫҚ ТАТУЛЫҚ ПЕН САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ НЕГІЗІ» АТТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықтың негізі» тақырыбында маңызды кездесу өтті. Рухани-тәлімдік сипаттағы бұл іс-шара елдегі құқықтық мәдениетті нығайту, азаматтардың заңға деген жауапкершілігін арттыру және этносаралық келісімді сақтауға бағытталды.

Жиынды Шымкент қаласы ҚХА төрағасының орынбасары, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде құқықтық тәртіпті сақтау мен қоғамдағы тұрақтылықтың маңыздылығын айта келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының басты миссияларының бірі – бейбітшілік пен келісімді сақтау екенін атап өтті.

Кездесуге қалалық прокуратура, әділет департаменті, полиция департаментінің жауапты мамандары, сондай-ақ қалалық сайлау комиссиясы өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен белсенді азаматтар қатысты.

Басқосу барысында еліміздегі заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара құрмет пен сенімді нығайту сынды маңызды тақырыптар қозғалды. Қоғамда заң мен тәртіптің сақталуы – елдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың тыныш әрі қауіпсіз өмір сүруінің негізгі кепілі екені баса айтылды.

Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нұрлан Базарбаев экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалардың орындалу барысына тоқталып, бұл бағыттағы алдын алу шаралары мен бақылау механизмдері туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл – ұлттық қауіпсіздіктің басты құрамдас бөліктерінің бірі.

Шымкент қалалық әділет департаменті басшысының орынбасары Роза Досанова құқықтық тәртіп пен азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жайында кеңінен баяндап өтті. Ол заңның үстемдігін қамтамасыз етуде әр азаматтың жеке жауапкершілігі маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Шымкент қалалық полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Бағлан Мырзабаев қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, полиция мен халық арасындағы сенімді қарым-қатынасты орнату жолдарына тоқталды. Оның айтуынша, азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімі – құқықтық тәртіптің тиімді кепілі.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы Абай аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Талғат Алиев сөз алып, елдегі сайлау жүйесінің даму жолдары мен сайлау мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Ол сайлау процестерінің ашықтығы мен әділдігі қоғамдағы тұрақтылық пен халықтың билікке деген сенімін арттыратынын жеткізді.

Жиын барысында қатысушылар тарапынан түрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғам арасында өзара түсіністік пен сенімді нығайту, заң нормаларын насихаттау, қоғамдық келісімді сақтау бағытында бірлесе жұмыс істеу қажеттігі ерекше аталды. Этномәдени бірлестік өкілдері өз орталарында құқықтық сауаттылықты арттыруға дайын екендерін білдірді.

Кездесуді қорытындылаған Юрий Пан бүгінгі басқосудың ел бірлігі мен тұрақтылығы жолында атқарылып жатқан маңызды шаралардың бірі екенін айта отырып, талқыланған мәселелер назардан тыс қалмайтынын және оларды іске асыруда барлық мүдделі тараптардың белсенділік танытуы қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту – еліміздің баянды болашағына негіз болатынын айтып, жиналғандарға сәттілік пен табыс тіледі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*