Мемлекет басшысы өз Жолдауында қарапайым еңбек адамдарына – ел дамуының негізгі тірегіне айналған шаруалар мен жұмысшыларға құрмет көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта Түркістан облысының Созақ ауданында ауыл шаруашылығын өркендету, соның ішінде етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту басты басымдықтардың бірі болып отыр.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков халықпен кездесулерінде агросекторды қолдау – экономикалық тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі екенін үнемі айтып келеді. Оның бастамасымен ауыл шаруашылығы саласында кешенді шаралар қолға алынуда. Мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер арқылы шаруалардың мүмкіндігі артып, жаңа технологиялар енгізілуде.
Бүгінде аудандағы бірнеше шаруа қожалық жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісіне көшіп, суды үнемдеу мен өнімділікті арттыру бағытында нәтижелі жұмыс жүргізіп отыр. Әкімдік өкілдері ауылдық округтер мен елді мекендерді аралап, фермерлерге субсидия алу, жеңілдетілген несие рәсімдеу және мемлекеттік гранттарға қатысу жолдарын түсіндіруде.
Созақ ауданы табиғи тұрғыдан мал шаруашылығына қолайлы аймақтардың бірі. Соңғы жылдары ірі қара, қой, жылқы және түйе саны тұрақты өсім көрсетуде. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша аудан шаруашылықтарында 15 878 бас мүйізді ірі қара, 130 351 бас қой, 18 463 бас жылқы, 10 380 бас түйе өсірілуде. Бұл көрсеткіштер агросектордың әлеуеті артып келе жатқанын айқын дәлелдейді.
Ауданның үздік шаруашылықтарының бірі – «Балтабай» шаруа қожалығы. Төрағасы Жұманазаров Тимур басқаратын бұл қожалық бүгінде өңірдің аграрлық саласындағы ірі құрылымдардың қатарында. Шаруашылықта қазіргі таңда 1 830 бас қой, 937 бас ірі қара, 600 бас жылқы, 1 091 бас түйе өсіріліп, бағылуда. Мал басын асылдандыру, жайылымдарды тиімді пайдалану және өнім сапасын арттыру бағытында нақты шаралар атқарылып келеді.
Қожалық жұмысы толықтай нарық талабына бейімделген. Өнімдері аудан және облыс көлемінде жоғары сұранысқа ие. Сонымен қатар, мал азығын өз күшімен дайындап, жыл бойы тұрақты өндіріс жүргізу тәжірибесін енгізген. Шаруашылықта жергілікті тұрғындар еңбек етіп, ауыл халқы үшін тұрақты жұмыс көздері ашылған.
Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, «Балтабай» шаруа қожалығының тәжірибесі — ауылдық кәсіпті тиімді ұйымдастырудың үлгісі. Мұнда заманауи басқару тәсілдері, ветеринарлық бақылау және экологиялық талаптарға сай еңбек тәртібі сақталады. Шаруашылық өзінің өндірістік базасын кеңейтіп, алдағы уақытта ет пен мал өнімдерін өңдеу ісін жолға қоюды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Созақ ауданында «Ауыл аманаты», «Сыбаға», «Алтын асық», «Іскер фермер» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында ондаған шаруашылықтар қаржылай қолдауға ие болды. Бұл жобалар арқылы мал тұқымын асылдандыру, жаңа техника сатып алу, жайылым инфрақұрылымын жақсарту және өнімді өткізу нарығын кеңейту бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша:
– Ауыл шаруашылығы – біздің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығымыздың негізі. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруаларға нақты көмек көрсетіліп келеді. Ең бастысы – әрбір шаруа өз кәсібін дамытып, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып отыр, – деді ол.
Созақ өңірінде еңбек пен инновация қатар өрбіп келеді. Жергілікті шаруалар жаңа тәсілдерді игеріп, табиғи қиындықтарға қарамастан табанды еңбек ету арқылы аудан экономикасының дамуына үлес қосуда. «Балтабай» шаруа қожалығының жетістігі – осы бағыттағы жүйелі еңбектің нақты көрінісі.
Пікір қалдыру