Шардаралықтар «Алтын күз» мерекесін атап өтті

Шардара қаласында ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің «Алтын күз» мерекесі өткізілді. Таң азанымен ауылдық округтерден келген шаруа қожалық иелері өздері өндірген өнімдерін базар нарқынан төмен бағада қала тұрғындарына ұсынды. Жәрмеңкеге келген халық күріштің бір келісін 150 теңгеден, асқабақтың келісін 50 теңгеден, картоптың келісін 80 теңгеден, пияздың келісін 65 теңгеден сатып алып жатты. Сондай, балық өнімдері де арзан бағамен, атап айтқанда, мұздатылған табан балықтың бір келісі 130 теңгеден, көксерке 300 теңгеден, балық фаршы 500 теңгеден саудаға шығарылды.«Алты алаш» алаңындағы мерекеге жиналған жұртшылықты аудан әкімі Болатбек Қыстауов құттықтады. » Сіздерді бүгінгі ауданымызда өткізіліп отырған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің «Алтын күз – 2017» мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Сіздердің барлықтарыңыз да биылғы жылдың мол өнімінің өндірілуіне өзіндік үлестеріңізді қостыңыздар. Аудандағы егіншілік саласы бойынша биылғы жылы жеткен жетістіктерімізге қысқаша тоқтала кетуге рұқсат етіңіздер. Аудан бойынша биылғы жылы 20460 гектар жерге егілген мақталық алқаптың әр гектарынан 28,4 центнерден өнім жиналды, оның жалпы көлемі 58181 тоннадан асты. Сондай-ақ күріш, бидай, арпа, жүгері, бақша, көкөніс дақылдарынан да мол өнім алынды. Биыл әсіресе, Көксу, Алатау батыр, Қоссейіт ауылдық округі мақташылары және озық технологияларды, оның ішінде тамшылатып суғару әдісін ендіру арқылы «Жаушықұм» ауылдық округіне қарасты «Иіржар Агро» ЖШС-і зор табыстарға қол жеткізді. Тамшылатып суару әдісі – суды үнемдеу ғана емес, ең бастысы мол өнім өндіруге қол жеткізетін тиімді тәсіл екені баршаңызға белгілі. Аудан диқандары биылғы жылы межеленген 700 гектардың орнына 775 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісін ендіріп, гектар түсімін арттырып отырғаны өзге де шаруа қожалық иелеріне үлгі болуы тиіс деп ойлаймын» деді аудан әкімі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*