ШЫМКЕНТТІК КӘСІПКЕР 7 ҚАБАТТЫ ҚОНАҚ ҮЙДІ ЗАҢСЫЗ САЛҒАН

Үшінші мегаполистен бой көтерген су жаңа 7 қабатты қонақ үй заңсыз деп танылды, деп хабарлайды «Отырар» телеарнасы. 

Шымкенттік кәсіпкер Бекет батыр көшесінің бойына құызрлы органдардан 3 қабатты тұрғын үй салуға рұқсат алған. Алайда, кейіннен ол ойынан өзгеріп, тұрғын үй орнына 7 қабатты қонақ үй салып жіберіпті. Өткен жылы осы мәселе бойынша сот отырысы да өткен екен. Бірақ, соған қарамастан нысанның құрылысы тоқтамаған. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы өкілдерінің айтуынша, пысықай бизнесмен қолында құзырлы мекемеден рұқсаты болмаса да ғимаратты пайдаланып, қонақ үйге келушілерді қабылдай бастаған.

«2023- жылы талап арызбен жүгінгенбіз. Сол арызға сай тексеру жұмыстары жүргізілген. Ол кезде ғимараттың қабырғасы тұрған еді. Алайда, кәсіпкер сот шешіміне қарамастан құрылысты тоқтатпай, ғимаратты бітіріп пайдаланып отыр. Сәулет және қала құрылысы заңының талаптарына сәйкес кез-келген нысан міндетті түрде  қабылданып барып, кейін пайдалануы керек. Ондай құжаттар рәсімделмеген, заңсыз құрылыс деген сот шешімі бар. Біз пайдалануды тоқтату жөнінде қайта сотқа жүгіндік»,- дейді басқарма өкілі Бақытжан АЙТҚАСЫМОВ.

Кәсіпкер әу баста 7 қабатты нысанның 3 қабатына ғана рұқсат алғандықтан, жоғарыдағы 4 қабаты заңсыз деп танылып, оны бұзу жайлы сот шешімі шығыпты. Сол себепті, сот орындаушылар мен басқарма өкілдері заңсыз салынған қонақ үйдің есігін жауып, мөрлеп кеткен. Егере кәсіпкер, мөрді бұзып есігін қайта ашып жұмысын жалғастырар болса, кәсіпкер қылмыстық жауапкершілікке тартылатын көрінеді. Ал мәселеге қатысты қонақ үй әкімшілігі мен кәсіпкер БАҚ өкілдеріне ақпарат беруден бас тартқан.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*