
Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде алғаш рет Түркістан облысындағы бірнеше теміржол вокзалына кешенді жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Атап айтқанда, «Түркістан», «Манкент», «Түлкібас», «Сарыағаш», «Темір» және «Арыс-2» теміржол вокзалдары қайта жаңартылып, заманауи талаптарға сай жабдықталады. Бұл бастама өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, жолаушыларға жайлы жағдай жасауға, сонымен қатар туризм мен экономиканы ілгерілетуге серпін бермек.
Жобалардың барысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы кеңесте талқыланды. Кеңесте әкім вокзалдар тарихи маңызға ие екенін айта келе, олардың архитектуралық ерекшелігін сақтай отырып жаңғырту керектігін атап өтті.
– Бұл теміржол вокзалдары – ғасырдан астам тарихы бар, ерекше сәулет үлгісімен салынған нысандар. Сол себепті мүмкіндігінше тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи стандарттарға сәйкестендіріп жөндеу керек. Барлық нысандар бір үлгіде үйлесімді болуы тиіс. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде және сапалы материалдармен атқарылуы шарт. Аудан, қала әкімдері құжаттандыру жұмысын 10 күн ішінде аяқтауы қажет, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, еліміз бойынша 125 теміржол вокзалына реконструкциялау жүргізу көзделіп отыр. Соның ішінде Түркістан облысынан 6 вокзал тізімге енгізілген. Қазіргі уақытта «Түлкібас», «Арыс-2», «Манкент» және «Сарыағаш» вокзалдарының қызметі уақытша нысандарға ауыстырылып, аумақтары қоршалып, демонтаж жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
Мердігер ұйымдар да анықталған. «Түлкібас», «Арыс-2», «Манкент» вокзалдарында құрылыс жұмыстарын «Kanfar Building» ЖШС жүргізсе, «Сарыағаш» пен «Темір» вокзалдарын жаңғыртуды «BOLD Construction Group» ЖШС жүзеге асырады. Ал тарихи және мәдени ескерткіш мәртебесіне ие «Түркістан» теміржол вокзалына ғылыми-реставрациялық жұмыстарды «Казреставрация» РМК атқаратын болады. Бұл мекеме тарихи нысандарды қалпына келтіру бойынша үлкен тәжірибеге ие.
«Конструктор-80» ЖШС директорының орынбасары Қуаныш Асанов жобалардың эскиздерін таныстырып, теміржол ғимараттарының құрылымдық сенімділігі мен қауіпсіздігіне зерттеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Бүгінгі таңда бес вокзалға қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Бұл жоба тек көлік саласына оң әсер етіп қана қоймай, Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыруға, қала мен аудан орталықтарының келбетін жақсартуға, өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге бағытталған маңызды бастама болып отыр. Сонымен бірге вокзалдар – өңірдің қақпасы саналады. Сол себепті олардың заманауи әрі тарихи келбеті үйлескен нұсқада жаңғыруы – облыс беделін арттыра түспек.
Түркістан облысында іске асып жатқан теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары – өңірдің көлік-логистикалық және туристік әлеуетін көтеруге арналған нақты қадам. Жолаушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау, тарихи мұраны сақтау және инфрақұрылымды дамыту – әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды бөлігі.
Пікір қалдыру