«Жер аманаты» жобасы аясында Созақ ауданында 12 791 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Созақ ауданының жалпы жер көлемі 4 миллион 104 мың 940 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланудағы жерлер 831 581 гектар, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылық емес өзге мақсаттағы жерлер 84 157 гектар, босалқы жерлер (ауданның арнайы жер қоры) 1 миллион 888 мың 964 гектар, орман қорының жерлері 1 миллион 34 мың 898 гектар, су қорының жерлері 3 245 гектар, елді мекендердің жерлері 261 296 гектар, ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері 799 гектарды құрайды.

«Жер аманаты» жобасы аясында Созақ ауданында жайылым жерлерді ортақ пайдалану үшін қайтару жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. 2025 жылы аудан бойынша мақсатына сай пайдаланылмай жатқан 21 мың гектар жер учаскесін аудандық жер қорына қайтару көзделген. Осы жылдың алғашқы бес айында 12 791 гектар жер учаскесі аудан қорына қайтарылып, жоспардың 60 пайыздан астамы орындалды. Бұл ауданның жайылым тапшылығын азайтып, жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған нақты іс-шаралардың нәтижесін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жер мәселесіне ерекше тоқталып: «Жер иесіз қалмауы керек. Жерді оның қадірін білетін азаматтарға ғана беру қажет. Әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс», – деген болатын. Президенттің бұл тапсырмасы жер ресурстарын әділ және тиімді бөлуге, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды бағдар болып отыр.

«Жер аманаты» жобасының басты мақсаты – ел аумағындағы пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз иеленген жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, ауыл тұрғындарының игілігіне ұсыну. Бұл бастама ауыл халқының мал жаю, шабындық және егіншілікке қажетті жерге қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді.

Түркістан облысы бойынша да ауқымды жұмыс жүргізілуде. Облыс әкімдігі мен жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2025 жылы жалпы 110 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған, қазіргі уақытта оның 51 мың гектардан астамы қайтарылды. Облыс көлемінде жайылым қажеттілігі шамамен 3,1 миллион гектарды құрайды. Сол себепті әр ауданның, соның ішінде Созақ ауданының атқарып жатқан жұмысы жалпы аймақтың жер саясатын тиімді жүргізуге зор үлес қосып отыр.

Созақ ауданында жер көлемінің едәуір бөлігі – босалқы қордағы жерлер. Бұл аудан үшін үлкен әлеует. Осы жерлердің бір бөлігі «Жер аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына берілуде. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, мал өсірушілердің жайылым тапшылығын азайтуға және жер ресурстарын тиімді игеруге мүмкіндік туып отыр.

Жер – ұлттың байлығы, елдің тірегі. Мемлекет басшысы атап өткендей, «иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы тиіс». Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде Созақ ауданы мен жалпы Түркістан облысында жердің шынайы иесі – ел игілігі үшін еңбек ететін азаматтар болмақ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*