ТҮРКІСТАНДА БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУҒА ҮЛЕС ҚОСҚАН АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және 25 қазан – Республика күніне орай тағылымды әрі маңызы зор салтанатты іс-шара өтті. Жиында өңірдегі қоғамдық келісімді сақтау, этностар арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайту, сондай-ақ ел бірлігі жолында табанды еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.

Мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, марапат иелерін айтулы мерекемен құттықтап, олардың өңір дамуына қосып жүрген еңбегіне жоғары баға берді. Ол өз сөзінде қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты сақтау – мемлекет тұрақтылығының басты тіректерінің бірі екенін атап өтті.
– Сіздер қоғамдық келісімді сақтау және еліміздің егемендігін нығайту жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Өңіріміздің жетістіктерін кеңінен насихаттауға, бірлігін бекемдеуге, Мемлекет басшысының реформалары мен тапсырмаларын жүзеге асыруға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да ел игілігі жолында белсенді қызмет ете бересіздер деп сенемін, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Салтанатты шара барысында қоғамдық қызметте белсенділік танытып, Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан азаматтар Ассамблеяның қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар азаматтарға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісі, «Құрмет» грамотасы, алғыс хаттары және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хаты табысталды.

Марапат иелері көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау, береке мен бірлікті нығайту, қоғамдық келісімді одан әрі дамыту жолында белсенді еңбек ете беретіндерін жеткізді.

Бұл салтанатты жиын Түркістан өңірінде бейбітшілік пен татулықты сақтау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың айқын көрінісі болды. Республика күні қарсаңындағы марапаттау рәсімі ел бірлігіне үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалап қана қоймай, қоғамдағы өзара сенім мен ынтымақты одан әрі арттыра түсті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*