Оңтүстікте кооперативтерге қолдау күшейді

Мал шаруашылығы бизнесiн 2012 жылы бастаған «АДС агро» ЖШС бүгiнде облыстағы осы сала бойынша iргелi компаниялардың бiрi болып саналады. Төлеби ауданының Қазақстан елдi мекенiнде орналасқан шаруашылықта 1500 iрi қара, 400 жылқы бордақылануда. Биыл бұқалардың санын 3 мыңға жеткiзу көзделуде. Сонымен қатар, серiктестiк «Төлеби сүт» кооперативiн құрып, шаруалардан жинаған сүттi ауылдағы «Фудмастер» компаниясына өткiзбек. Шаруашылықта еттi-сүттi Симментал тұқымды iрi қара өсiрiледi. Серiктестiк құрылтайшысы Д.Ақтаевтың айтуынша, асыл тұқымды түлiктiң еркегi бордақыланып, етке сойылады да, ұрғашысы мал санын көбейтуге жұмсалады.

Мұнымен қоса шаруашылық 50 гектар жерге қарқынды бау еккен. Оны қосымша тағы 40 гектарға ұлғайтуды көздеп отыр. Келешекте қарқынды бау көлемiн 300 гектарға жеткiзбек ниетте. Аласа бойлы жемiс ағаштары 2 жылда өнiм бередi. Ал, 5 жылда нағыз кемелiне енедi. Осындай қарқынды баудың 1 гектарынан 50-70 тонна аралығында өнiм алуға болады.

Д.Ақтаевтың пiкiрiнше, үлестiк жерi бар азаматтардың көпшiлiгi ауыл шаруашылығымен айналыспайды. Егiстiктi ешкiмге бергiсi келмейдi, өздерi де ешнәрсе екпейдi. Сондықтан «АДС агро» шаруалардың басын бiрiктiрiп, бау шаруашылығы бойынша кооператив құрмақ.

Компания аптасына 2 рет 10 тоннадан Алматы қаласына ет өткiзедi. Айына 80 тонна iрi қара, 20-25 тонна жылқы, 20 тонна қой етiн саудалайды.

Ауылда мал ұстайтын азаматтар қойын осында әкеп сойып сатады. Егiн шаруашылығы жөнiнен кооператив құрып, 1300 гектарға арпа, жоңышқа, бидай егiп, 84 мүшесiне тиiстi пайларын берiп отыр. Аграрлық жұмыстар 43 техниканың көмегiмен атқарылады.

Сонымен қатар, мал бордақылау бойынша да шаруаларды кооперативке бiрiктiру көзделуде. Егер 3-4 мың iрi қара бордақыланса, онда облыстан өзге нарықтарға жоғары бағамен сатуға мүмкiндiк туады. Ет нарығының ерекшелiгi сол, өнiм көлемi көп болған сайын, бағасы да өсе бередi. Сондықтан шаруашылық ет өндiрiсiн көбейту мақсатында жұмыс жүргiзiп жатыр.

«АДС агро» жоғарыда айтқан Симментал тұқымды iрi қарадан 1000 құнажын сатып алыпты. Келесi жылы олар төлдесе, тұрғындардың малын қосқанда 1500 сиыр сауылатын болады. Осылайша сүт өндiрiсiн дамытуды да жоспарлап отыр.

– Бiздiң мал бордақылау кешенiмiз II дәрежелi болғандықтан, еттiң әр келiсiне 170 теңгеден субсидия аламыз. Бұрын әкiмдiк жұмысында қағазбастылық көп болушы едi. Қазiр әкiмдiктегiлердiң өздерi хабарласып, субсидия алудың уақыты келгенiн айтып, ескертiп отырады. Мемлекеттiң осындай қамқорлығы үшiн бiз де өз тарапымыздан шаруашылықты өркендетуге барынша тырысып жатырмыз. Ең бастысы, халыққа пайдамызды тигiзiп, елдiң сауабын алу, –дейдi Д.Ақтаев.

Шаруашылық өз қаражаты есебiнен 200 мың долларға Түркиядан көң шашатын, сойылған мал қалдықтарын тазалайтын, жемiс ағаштарын дәрiлейтiн және басқа да техника түрлерiн сатып әкелiптi. Десек те, алдағы уақытта мемлекеттiң көмегi арқылы өзге де техникалар сатып алмақ ойда. Мәселен, кооперативтерге техника алуға жұмсалған қаражаттың 30 пайызы қайтарылып берiледi немесе жылдық мөлшерлемесi арзан пайызбен несие алуға мүмкiншiлiк бар.

– Ақиқатында, ауыл шаруашылығы керемет рентабельдi, яғни табысы мол салаға жатпайды. Сондықтан барлық елде агросектор тек дотацияның көмегiмен ғана өмiр сүрiп келе жатыр. Қазақстан 2020 жылға қарай Дүниежүзiлiк сауда ұйымының толыққанды мүшелiгiне кiредi. Сол кезде ДСҰ-ның шарты бойынша тiкелей субсидия беру тоқтатылады. Сол үшiн қазiр ауыл шаруашылығын дамытуға барынша қаражат жұмсап қалуымыз керек. Сонымен бiрге, еттiң өзiндiк құнын мүмкiндiгiнше төмендету де маңызды. Өйткенi, ертең Бразилия, Аргентинадан елiмiзге арзан ет келсе, өзiмiздiң өнiмдi өз нарығымызда сату қиындап қалуы мүмкiн. Сондықтан мемлекеттiң шаруаларға көрсетiп жатқан бүгiнгi қолдауларына өте ризамын және осы жеңiлдiктердi мүмкiндiгiнше пайдаланып қалуымыз керек, – дейдi ол.

дереккөз: OKG.kz

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*