Ордабасы ауданында 4 айда 13 кооператив құрылған

Пайданың көзі – кооперативте. Бүгінде мемлекет тарапынан жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру мақсатында нақты шаралар жүзеге асырылуда. Яғни, Ордабасы ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынмен қолға алынуда. Нәтиже – баршылық. Мәселен, ауданда соңғы 4 айда 13 кооператив құрылған.Оның төртеуі ет, үшеуі сүт, алтауы егін шаруашылығы бағытында жұмыс істейді. Осы ретте, аймақ басшысы Алмасбек Мамытбеков кооперативтерді үлгі ете отырып, жаңашыл бастаманың қыр-сырын талқылады. Сонымен Елбасы Жолдауынан туындаған тапсырмалардың орындалу барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында Ордабасы ауданында ауыл шаруашылық саласында 6 млрд. 346 млн. 300 мың теңгенің өнімі өндірілгені жайлы мәлім болды. Бұл туралы мәлімет берген Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Мамытбеков кооперативтің тиімділігіне де тоқталды. Айта кетерлігі, субсидия негізінде ерікті негізде құрылған кооперативке қажетті технологияны береді. Яғни, сүт-ет қабылдайтын қабылдайтын, сақтайтын орын, басқада қажетті ауылшарушылық техникаларын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, мал, егін шаруашылығы өнімі сапасының жақсаруына, оның түрлі стандарттарға сай келуіне керекті дүниелерді алуға да мүмкіндік жасайды. Осы мүмкіндіктер мен жағдайларды бірлесе қолдана отырып, кооперативке ерікті кірген шаруалар бір-біріне көмектесіп, жұмыстарын жүйелеп, делдалға желінбей пайда таба отырып, өз өнімдерін нарыққа өздері шығаруға жол алады. Мәселен, субсидияны бұған дейін ірі шаруа қожалықтардың ғана алуға мүмкіндігі болса ендігі жерде субсидияны орта және кіші шаруалардың алуына толықтай мүмкіндігі бар. Бұл – азын-аулақ малы бар шаруа үшін мал басын өсіруге тиімді болса, азғана жері бар диқанның да шаруасының шырайын ашады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*