Түркістандық таеквандошы әлемдік рейтингіде үздік елулікке енді

Корей елінде өткен әлем біріншілігі дүйім елдің таеквондошылары үшін қиынға соқты. Дүбірлі жарыста жаңа есімдер пайда болды. Соның бірі ширек финалға дейін қарсыластарын жайратып салған түркістандық Нұрлан да жеңіске бергісіз өнер көрсетіп, қазақ елінің абыройын үстем етті. Тарқатып айтсақ, осы спорт түрімен шұғылданғанына небәрі үш енді толған 24 жастағы Нұрлан Мырзабаевтың бұл әлемдік аренадағы алғашқы жарысы. Маусымның 24-30 аралығында өткен сайыста ерлер арасында 80 келі салмақ дәрежесі бойынша ел намысын қорғаған Нұрлан 1/64 кезеңде аустралиялық Хассан Моуфарреджді 20:6 есебімен ойсырата жеңді. Бұдан кейін 1/32 кезеңде спорт сүйер қауымға кеңінен танымал Рио олимпиадасының жеңімпазы Кот-д’Ивуар таеквондошысы Шейх Саллах та Нұрланның жолына бөгет бола алмады. Есеп 23:13 болып жерлесіміздің пайдасына шешілді. 1/16 кезеңде Нұрланның қарсыласы атақты өзбек спортшы, Азия чемпионы Максим Рафалович болды. Аса тартысты өткен кездесуде Нұрлан 17:14 есебімен басым түсіп, ширек финалған жолдама алды. Бір қызығы өзбек спортшысы Максим Рафалович Азия біріншілігінің жеңімпазы атанғанда Нұрлан спорт мектебінің табалдырығын алғаш аттаған кезі екен.
Өкінішке орай, жеңіс тұғырына таяқ тастам жер қалғанда ұлыбританиялық Дамон Сансум отандасымыздан басым түсті. Бапкерлердің айтуынша спортшымызға сәттілік жетіспеді. Десе де осы жарыстың қорытындысы бойынша Нұрлан әлемдік рейтингте 103 орыннан 42 орынға көтерілді. Айта кетерлігі, Нұрлан Мырзабаев Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін даярлайтын спорт мектебінің шәкірті.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*