Сайрмадықтар белгілі қаламгер Әкім Ысқақпен кездесті

Белгілі қоғам қайраткері, қарымды қаламгер Әкім Ысқақ тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Һәм қоғамдық жұмысына өз жолымен келген азамат. Ол 35 жасында шетелдегі қандастарды шақыруды мемлекет мәселесі етіп қойды. «Халықтың көші-қон туралы» заңын жазған депутат ретінде аты тарихта қалды. Елге келген жүздеген қазақтың азаматтық алуына, пәтер алуына, жұмысқа орналасуына қамқор болған қайраткер. 20-ға жуық түрлі кітаптың, «Көңіл қымбат», «Соңғы вальс» сынды 70 әннің авторы. Белгілі журналист, ҚР Парламент Мәжілісінің бірінші шақырылымының депутаты Әкім Ысқақтың есімін білмейтін жан кемде-кем шығар. Қазақтың маңдайына біткен біртума талант иесімен кездесу бүгін Сайрам аудандық орталық кітапханасының оқу залында өтті. Шығармагердің аудандағы оқырмандарынан бөлек, Шымкент қаласынан, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарынан, тіпті «Манкент» шипажайында демалып жатқан қарағанды қаласынан келген қонақтар болды. Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев қадірлі қонақтың кешіне қатысып, алғысөз сөйледі. Аудан атынан «Шежірелі Сайрам» кітабы мен арнайы кәдесый табыс етті.Әкім аға өз кезегінде жақында жарық көрген төл туындысын сыйлады. Кеш барысында оқырмандар көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, тағылымды әңгіме тыңдады. Расын айтқанда, Әкім Ысқақ өзінің азаматтық позициясын тапқан қаламгер. Ізгілік пен адамдықтың, өмірге деген құлшыныстың шырақшысындай. Түңілгенді күлімдететін қасиетті қаламның қадірін білетін ол кісінің оқырмандары да көп. Басқосу барысында бұған дәлелді әңгімелер де айтылды. Күнделік дәптеріндегі шығармалары көңілдерді тебірентсе, әні мен сөзін Әкім ағаның өзі жазған «Көңіл қымбат» әні кеш қонақтарының бірге шырқауына ұласты. «Бір физиктің махаббаты», «Көктем. Махаббат және Сен» атты өлеңдері махаббат тақырыбындағы әңгімемен ұштасты. Әкім Ысқақтың «Шетелде қалған қазақ баласы Арман» туралы әңгімесін өз аузынан естіген оқырман көз жасына ерік берді. Тағылымы мол шарадан келген қонақтар қаламгердің қолтаңбасы бар кітаптарынан бөлек, рухани азық алды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*