Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін биіктерге жеткізетініне сенеміз

Өздеріңізге белгілі алдағы жылдарда қазақ әліпбиіне түбегейлі реформа жасалғалы жатыр. Бұл мәселе бүкіл Қазақстан жұртшылығын алаңдатып,  басқа да көршілес мемлекеттердің назарын аудартып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2015 жылы 3 шілдеде «Қазақстан — 2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына  Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», — деген болатын. Содан бері Үкімет осы ауқымды жұмысты бастауға кірісіп, қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасады және 2022 жылдан бастап барлық мектептер түгел латын графикасымен оқуға көшеді деген шешім қабылдады.

Соған байланысты бүкіл қазақтың лингвист ғалымдары әліпби жасауға кірісіп кетті. Қазіргі кезде жүзге жуық латын қаріптерімен берілетін қазақ әліпбиінің жобасы жасалып талқылауға ұсынылды.

Жазу бұл  әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Дегенмен қазір жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылып, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейіне көтеріліп,  егеменді Қазақ елі ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осындай биіктерге жеткізетініне сенеміз.

Гүлнар Ақылбаева- Оңтүстік Қазақстан педагогика университеті — Тілдік пәндер кафедрасының аға оқытушысы

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*