Одабасы ауданының әкімі тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады

Одабасыда алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, бүгін аудан әкімі Рашид Қайыпжанов тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Көпбалалы ана Қадиша Ахметова өзіне Қараспан ауылынан берілген коммуналды баспананың жарығы мен жылуына қатысты мәселесін жеткізді. Қараспан ауыл округінің әкімі Қуаныш Зиябек баспананың қолды болған электр есептегішіне қатысты учаскелік полицияға өтініш түсіргенін, ал жылу жүйесін барып көріп, ақау анықталған жағдайда тез арада ретке келтірілетінін мәлімдеді.Көктөбе ауылынан келген қария Жоламан Ахметұлы Нұралы Нысанбайұлы атындағы жалпы орта мектептің қоршауын жаңарту мен ауыл көшелерін жарықтандыру қажеттігін айта келді. Бұл мәселеге қатысты аудандық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ғалымжан Оспанқұл сөз алып, Көктөбе ауылының орталық көшесіне электр жарығы биыл жүргізілетінін тілге тиек етті. Шұбарсу ауылынан «Прометей Восход» тұтыну кооперативінің төрайымы Валентина Качкаева тұрғындарды электр қуатымен қамтамасыз етуге иелігіндегі трансформатордың қуаты жетпейтінін алға тартып, аудан басшысынан жаңа трансформатор алуға көмек беруін сұранды. Темірландық кәсіпкер Жақыпбек Құрманбеков шұжық цехының құрылысын жүргізуге аудан орталығы аумағынан жер бөлінсе деген тілегін жеткізді.
Рашид Үсіпханұлы әр мәселені зерделей келе, орынбасарлары мен тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*