Шымкенттің әкімі, сала басшылары мен орынбасарларын 1 айға қоғамдық көліктерге отырғызды (видео)

Бұл туралы шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен қоғамдық көлік проблемаларына байланысты өткен жиналыста белгілі болды.«Біз қозғалыс кестесі мен жол жүру ережесін сақтау, автобустардың лық толуын, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігін, салондардың тазалығы мәселесін бірнеше рет талқыладық…
Әр талқылауда мені бұл мәселелер шешіледі деп сендіруімен болды» — жиналысты Шымкенттің әкімі осы сөздермен бастады. Ғабидолла Әбдірахымов жағдай өзгермегенін, қалалық әкімдікке тұрғындардан қоғамдық көліктің жұмысына байланысты мыңдаған шағым түсетінін айтты. «Яғни, жағдайды бақылауда ұстап тұрған жоқпыз. Ендеше, басқаша әрекет ететін боламыз» — деді Шымкент қаласының әкімі.Қызметтік көлікті пайдалануға 1 ай мерзімге тыйым салынады. Өкім қала әкімі, оның орынбасарларына, бөлім басшылары мен аудан әкімдеріне, олардың орынбасарларына, сондай-ақ, коммуналды мекемелер мен ұйымдардың жетекшілері қатысты. Барлық қызметтік көлік қалалық әкімдіктің көлік тұрағына қойылады. Шаһар басшысы бұған қоса қалалық әкімдіктегі жиналыстар мен кездесулердің барынша азайтуды тапсырды.

Ғабидолла Әбдірахымов жолаушылар көлігі бөлімінің жетекшісі мен осы саланы бақылайтын орынбасарына осы салада тәртіп орнату үшін 8 апта уақыт берді. Осы уақыт ішінде қоғамдық көлік қозғалысы кестесінің сақталуы, автобустардың лық толуы, салондардың тазалығы мен жүргізуші-кондукторлардың мәдениеттілігі секілді мәселелер шешіліп, аялдамаларға ақпараттық бағыттауыштар орнатылу тиіс.

Шымкенттің әкімі қалалық полиция басшылары бөлек тапсырма берді.

Қалалық ішкі істер басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің басшылары автобус жүргізушілерінің жол жүру мен жолаушылар тасымалдау ережесін сақтауын қамтамасыз етуі тиіс. Шымкенттің әкімі бұған қоса қалалықтардан әр ереже бұзу фактісін тіркеп, тиісті фото-видео материалдарды call-орталыққа 545-545 нөмірі арқылы, +7 777 885 8513 whatsapp нөмірі арқылы және қалалық әкімдіктің Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі аккаунтына хабарлама ретінде жіберуді сұранды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*