Тарихымызды түгендеп, рухымызды оятатын кез келді

Тәуелсіздік алғанға дейін халқымыздың тартқан тауқыметі аз емес. Соның ең қасіретті тұстарының бірі – арыстарымыз жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған кез болатын. Бұл – мыңдаған жазықсыз жандардың көз жасы, тарихымыздың шерлі беттерінің бірі.

Қазақ халқының интеллигенциясы зобалаң жылдардың құрбаны болды. Зиялы қауым өкілдерімен қатар қарапайым жандар қасіретті жылдардың құрбанына айналды. Қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Бұл зұлмат жылдардағы жасалған қиыншылықтар мен қасірет елдің жадынан ешқашан кетпейді.

«Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас атады» деген сөз бар. Өзім бала күнімнен әкем мен атамнан осы жылдары көрген қиыншылықтарын тыңдап, өстім. Кейін келе ол туралы архивтерді зерттеп, көз жеткізгенім көп. Туып-өскен Созақтың өзінде қаншама азаматқа жазықсыз жала жабылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Осы тұста айта кететіні, көптеген ақын-жазушыларымыз ақталғанымен, 1928-1930 жылдары аралығында мал-мүлкі тәркіленіп, өздері басы ауған жаққа қоныс аударған қаншама азаматтарымыздың сұрауы болмай тұр.

Ендеше, алда тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылып, оған бағасы берілетін күн алыс емес. Ал қазақ халқының қасіретін жоқтап, тарихын түгендеуде тарихшы-зерттеушілерді маңызды жұмыстар күтіп тұр.

Нариман НҰРПЕЙІСОВ, филология ғылымдарының кандидаты, ОҚМПУ Кешкі оқыту және дайындық факультетінің деканы

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*