900 астам әлеуметтік қызметтер бар

Облыста 120 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Осы жандардың 8 мыңнан астамына 13 мемлекеттік орталық, 55 бөлімше және 8 үкіметтік емес ұйым арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетеді. Жалпы облыс бойынша, 900-ден астам әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Бұл мамандардың 869-ы үйіші күтім көрсетеді.

Әлеуметтік жұмыс кез келген мемлекеттің әлеуметтік саясатты жүзеге асыратын құралы болып табылады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ОҚО бойынша департаментінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы Қ.Естеуованың берген мәліметіне сенсек, елімізде соңғы 9 жылдың ішінде әлеуметтік қызметтер желісі кеңінен дамып келеді. «Бұған 2008 жылы 29 желтоқсанда «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаны өз әсерін тигізді. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілді, бұрындары жалпы сипаттағы оңалту қызметтері ұсынылған болса, енді арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіле бастады», -дейді маман.
Маманның сөзіне сүйенсек әлеуметтік қызметкерлер жалғызілікті қарттар мен мүгедектердің үйіне аптасына екі рет құрғақ және дымқыл тазалық жүргізеді. Дүкеннен қажет азық-түліктерін әкелу, коммуналдық қызмет ақысын төлеу, газет-журнал жеткізу секілді көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда тұрғын үйді жөндеуге, отынмен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Дәрігерге дейінгі көмекті көрсетеді. Ыстығын өлшейді, қыша, қыздыратын компресс қояды, үйге дәрігер шақыруды, сондай-ақ шұғыл жағдайларда алғашқы медициналық көмекті жүзеге асырады. Қызмет көрсетілетін азаматпен денсаулық сақтау ұйымдарында ілесіп жүреді. Қызмет көрсетілетін азаматтың туыстарымен, достарымен хат жазысуға көмектеседі. Әлеуметтік мәселелер бойынша заңнаманы түсіндіреді және басқа тапсырмаларды орындайды. Қызмет көрсетілетін азаматтардың қажетті медициналық, протездік-ортопедиялық көмек және әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуына жәрдемдеседі.
Мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қызметтер азаматтарға тегін, қосымша қызметтер – ішінара және толық төлем шартымен көрсетіледі. Бұл ретте азаматтарға стационар (медициналық-әлеуметтік мекеме), жартылай стационар (күндізгі бөлімшелер), үйде күтім жасау жағдайында әлеуметтік қызмет көрсету түрлерін таңдау мүмкіндігі берілген.
Осы орайда, әлеуметтік қызмет мүгедектігі бар және егде жастағы адамдардан тыс, пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандарға, адам саудасы құрбандарына, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына, белгілі бір тұратын жері жоқ адамдарға да көрсетілуде.
Айта кеткен жөн, 2018 жылдан бастап «Әлеуметтік қызметті одан әрі жаңғырту» Тұжырымдамасы іске асырылатын болады. Бұл жаңа Тұжырымдама елімізде соңғы жылдары жүзеге асырылып отырған әлеуметтік қызметтер жүйесін реформалау, ұсынылған қызметтерді күшейту, олардың түрлері мен нысандарын кеңейтуге бағытталған.
Мәселен, қызметтерді үйге шақыру мүмкіндігі кеңейтіледі. Бұл ретте азаматтарға мамандандырылған және кешенді қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, «Ұялы байланыс қызметі» енгізіледі. Бүл қызмет түрі шалғай елді-мекендерде тұратын қызмет алушыларға арнаулы гигиеналық құралдарды жеткізу үшін  жасалған. Қазіргі уақытта жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер үшін қысқа мерзімді біліктілік курстары ашылады. Олардың еңбекке деген құлшынысын арттыру мақсатында қызметкерлердің еңбекақысы жақсаратын болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*