
Уран өндірісі саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «Kazatomprom-SaUran» компаниясы өзінің 10 жылдық мерейтойын ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Шара барысында ұлттық рухты ұлықтаған мәдени қойылымдар мен салтанатты қабылдаулар, жылы жүздесулер мен жүрекжарды құттықтаулар көрермен көңілінен шығып, көпшілікті ерекше әсерге бөледі.
Мерекелік жиынның шымылдығы дәстүрлі музыкамен ашылды. Қазақы нақыштағы «Керуен» этно ансамблінің әуезді әуендері қонақтарды терең тарихпен қауыштырса, арнайы дайындалған фотозона мен ұлттық тағамдар ұсынылған шай үстелі келген меймандардың көңілін бірден баурап алды.
Салтанатты жиынға Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, компания ұжымын мерейтоймен құттықтады. Ол өз сөзінде «Kazatomprom-SaUran» ұжымының он жыл бойы ел экономикасына қосқан үлесін ерекше атап өтті:
«Бұл мерейтой – тек компанияның емес, жалпы еліміздің уран өндірісіндегі толағай табысының нәтижесі. Kazatomprom-SaUran – тек өндірісте ғана емес, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан да үлгі боларлық кәсіпорын. Халықты қолдау, инфрақұрылымға инвестиция тарту, әлеуметтік жобаларды іске асыру – осының айғағы», – деді аудан басшысы.
Кеш барысында компания директоры Бауыржан Тоқсанбаев пен оның орынбасары Азамат Рахманбердиев құттықтау сөз сөйлеп, ұжымның ауызбіршілігі мен кәсіби шеберлігінің арқасында жеткен жетістіктеріне тоқталды.
Мерекелік концерт те жоғары деңгейде өтті. Эстрада жұлдыздары – Сәкен Майғазиев, Серік Гамзе Заде, «Qazaq Band» тобы, Роман Майғазиев пен «Созақ серілері» өнер көрсетіп, кештің сәнін кіргізді. Сонымен қатар, «Жауқазын» би тобы мен Таукент кентінің «Гүлдері» балабақшасының бүлдіршіндері ұлттық би мен әндерді орындап, көпшілік ықыласына бөленді.
Компания жетістіктері де назардан тыс қалған жоқ. 10 жыл ішінде іске асқан ірі жобалар – тұрғын үй құрылысы, балаларға арналған ойын алаңдары, мектептерге арналған робототехника кабинеттері мен студенттерге арналған шәкіртақылар сынды әлеуметтік бастамалар көрме арқылы көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты кеш аясында өз саласында үздік танылған қызметкерлер мен өндіріс озаттары марапатталып, спорттық сайыстарда жеңімпаз атанған жұмысшыларға да құрмет көрсетілді. Бұл – ұжымда еңбекті бағалау мен ынталандырудың жарқын мысалы.
Он жылдық мерейтой – бір белес. Алда тұрған мақсат – одан да биік шыңдарды бағындыру. «Kazatomprom-SaUran» ұжымы бұл жолда кәсібилік пен қоғам алдындағы жауапкершілікті алдыңғы орынға қойып, жаңашылдық пен тұрақты даму бағытын ұстанатынына сенім мол.
Пікір қалдыру