СОЗАҚТЫҢ ЖОЛДАРЫ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылдық округінде тұрғындар сұранысына сай нақты жұмыстар жүзеге асуда. Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков бүгін осы округке арнайы жұмыс сапарымен барып, елді мекендердегі ішкі көшелерге жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Аудан әкімінің сапары аясында Құмкент ауылындағы жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрайтын төрт негізгі көше – Абай, Есіркепұлы, Қызылқанат және Жамбыл көшелеріне асфальт төсеу жұмыстарының қарқыны бағамдалды. Бұл көшелер бұрын шұрық-тесік, тозаң басқан күйде болып, тұрғындарға айтарлықтай қиындық тудырып келген еді. Қазіргі жөндеу жұмыстары ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналып отыр.

Сапар барысында Мұхит Тұрысбеков жол сапасына ерекше назар аударып, мердігер мекеме өкілдері мен округ әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді. Аудан басшысы сапасыз жұмыстар қабылданбайтынын, әрбір көшенің жай-күйі бақылауда болатынын қадап айтты.

Сонымен қатар, Құмкент ауылдық округіне қарасты Қызылкөл елді мекенінде де жол инфрақұрылымы жаңартылуда. Мұнда ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын бірқатар көшелерге сапалы асфальт жабындысы төселіп жатыр. Жұмыстар аяқталған соң, Қызылкөл ауылының ішкі жолдары 100 пайыз жаңартылады деп жоспарланып отыр.

Жалпы алғанда, Созақ ауданы бойынша автомобиль жолдарының ұзындығы 1 498,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде 635,2 шақырымы республикалық және облыстық маңыздағы жолдар болса, қалған 862,9 шақырымы – аудандық және ауылішілік көшелер.

Биыл  аудандық бюджет есебінен 66,4 шақырым ішкі көшеге асфальт және қиыршық тас төсеу жоспарланған. Бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 12 көше жөндеуден өтіп, 14,2 шақырым жол жаңартылуда. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық өскенін көрсетеді.

Ал,  былтыр осы бағдарлама арқылы аудан бойынша 25 көше (26,1 шақырым) жөнделсе, аудандық бюджеттен 21,2 шақырымды құрайтын 18 көше жаңартылып, ел игілігіне берілген болатын. Бұл көрсеткіштердің өзі жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың бар екенін дәлелдейді.

Ауыл ішіндегі жолдардың жақсаруы – ең алдымен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға әсер ететіні анық. Қауіпсіз жүріп-тұру, әлеуметтік инфрақұрылымдарға кедергісіз жету, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мәселелері де тікелей жолдың жай-күйіне байланысты.

Құмкенттегі, жалпы аудан көлеміндегі жол жөндеу жұмыстары – тек бүгінгі күннің емес, болашақтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Аудан әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, халықпен кері байланыс орнатып отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*