СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: НАУҚАНДЫҚ ЖҰМЫСТАР МЕН АГРАРЛЫҚ ӘЛЕУЕТ

Созақ ауданы – Түркістан облысының ауыл шаруашылығына ерекше бейімделген өңірлерінің бірі. Аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын аграрлық салада биылғы жылы да қарқынды жұмыстар атқарылуда. Диқандар көктемгі егіс науқанына тыңғылықты дайындалып, бүгінде жиын-терін кезеңін жоғары жауапкершілікпен өткізуде.

Қазіргі уақытта өңірдің барлық елді мекендерінде егін ору жұмыстары қызу жүріп жатыр. Диқандардың айтуынша, биылғы маусым оңайға соқпағанымен, шаруалар тынымсыз еңбектің арқасында мол өнім алуға күш салуда. Науқан барысын бақылау және шаруаларға қолдау көрсету мақсатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жон аймағындағы егіс алқаптарын аралап, жергілікті диқандармен жүздесті.

Сапар барысында аудан басшысы «Камила РБР» ЖШС мен «Өмір» шаруа қожалығының алқаптарында болып, өнім шығымдылығы мен агротехникалық шаралардың сапасын көзбен көрді. Мәселен, «Камила РБР» серіктестігі биыл 240 гектар жерге арпа дақылын ексе, «Өмір» қожалығы негізінен бидай өсірумен айналысады. Әкім шаруалармен пікір алмасып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары мен аграрлық субсидиялар туралы түсіндірді.

Шаруалар биылғы жылы жауын-шашынның аздығы мен күннің ыстығы өнім көлеміне әсер еткенін жасырмады. Дегенмен, бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қолда бар техника мен еңбек ресурсын жұмылдыра отырып, егінді уақытылы орып алу ісі жүйелі жүргізілуде.

Аудан көлемінде биыл 1438 гектар жерге арпа, 370 гектарға бидай, 1100 гектарға мақсары, 760 гектарға жүгері дақылдары егілген. Сонымен қатар, мал азығын дайындау жұмыстары мен жерді әртараптандыру шаралары қатар атқарылуда. Бұл бағытта тыңайтқыш қолдану, тұқым сапасын арттыру және топырақ құнарлылығын сақтау жұмыстары да назардан тыс қалмаған.

Аудан әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында бірқатар нақты қолдау тетіктері іске асырылып отыр. Атап айтқанда, шаруаларға жеңілдетілген несие беру, жанар-жағармай мен тыңайтқыш құнын субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, фермерлерге агрономиялық кеңестер беріліп, су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі ерекше бақылауға алынған.

Мұнымен қатар, аудандағы агросекторды жаңғырту шеңберінде тамшылатып суару жүйесі, цифрлы егіншілік және дәлме-дәл агротехнологиялар енгізу жоспарлануда. Бұл бағыттар еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен жердің құнарын сақтау ісінде маңызды рөл атқарады.

Климаттық жағдайы күрделі аймақ саналатын Созақ ауданында еңбекқор шаруалардың табандылығы мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім байқалады. Бүгінде аудан диқандарының еңбегі өңір экономикасына елеулі үлес қосып, ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға сеп болып отыр.

Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков өз сөзінде:
«Ауыл шаруашылығын дамыту – экономикалық тұрақтылықтың кепілі. Ең бастысы – еңбек адамын қолдау. Біз шаруаларға барлық жағдайды жасауға дайынбыз. Жер игерген жан – елдің берекесін арттырады», – деп атап өтті.

Созақ диқандарының қажырлы еңбегі мен жаңа технологияларды қолдануға деген ұмтылысы ауданның аграрлық әлеуетін одан әрі нығайтып, келешекте өнім көлемін еселеп арттыруға негіз болмақ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*