ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: АҚШ УРАННЫҢ ШАМАМЕН 24 ПАЙЫЗЫН ҚАЗАҚСТАННАН ИМПОРТТАЙДЫ

Нью-Йорктегі жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың жетекші компаниялары өкілдерімен өткен дөңгелек үстел отырысында Қазақстанның энергетика саласындағы стратегиялық бағытын таныстырды. Президент энергетикалық ресурстарды өндіру мен өңдеуді әрі қарай дамытудың, соның ішінде уран өндірісінің болашағы зор екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап, бұл саладағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, әлемдік уран нарығындағы жетекші ойыншы ретінде Қазақстан стратегиялық материалдарды өндіру мен экспорттауда айрықша рөл атқарады.

– Қазақстан әлемдік уран нарығының шамамен 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ал АҚШ өзінде тұтынылатын уранның орта есеппен 24 пайызға жуығын біздің елден импорттайды. Бұл – біздің елдің стратегиялық рөлін нақты көрсететін көрсеткіш. Осы маңызды міндетті жүзеге асыруда америкалық энергетика компаниялары басты серіктестеріміздің бірі болуға тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Қазақстан үшін геологиялық барлау, жаңа кен орындарын ашу, сондай-ақ уран өндіру мен өңдеу аясын кеңейту – басты стратегиялық бағыттардың бірі екенін айтты. Осы орайда америкалық серіктестермен бірлескен жобаларды дамытуға мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.

– АҚШ-тың энергетикалық басымдықтарын ескере отырып, Қазақстан көмірге негізделген таза, тиімді және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз энергетикалық шешімдерді ұсынуға әзір. Бүгінде еліміздегі электр қуатының 70 пайыздан астамы көмірден өндіріледі. Бұл – әлі де сенімді әрі қолжетімді энергия көзі. Көмір қорына бай ел ретінде біз де АҚШ секілді оны таяу келешекте энергияның негізгі көзі ретінде сақтап қаламыз. Қазақстанның энергетикалық стратегиясы мұнай, газ, көмір және уран сияқты төрт негізгі компонентке негізделген. Біз осы бағытты берік ұстанып келеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тек энергетика саласын ғана емес, еліміздің жалпы тау-кен өнеркәсібінің әлеуетін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда мырыш, қорғасын, мыс, вольфрам, литий, графит сынды сирек және стратегиялық маңызды элементтер мол. Бұл пайдалы қазбалар – қазіргі заманғы жоғары технологиялық өндірістер үшін аса қажет негізгі ресурстар.

– Қазақстан маңызды шикізат материалдарын игеруді өзінің басым бағыты ретінде қарастырады. Біз тау-кен саласында жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар үшін ашық әрі тиімді заңнамаға негізделген қолайлы юрисдикция қалыптастырдық. Қазірдің өзінде елімізге тау-кен өндірісі саласындағы әлемдік алып компаниялар – Ivanhoe, Rio Tinto, Anglo Teck және Fortescue келіп, нақты жобаларды іске асырып жатыр. Бұл – Қазақстанның инвесторларға ашық екенін және тұрақты серіктестікке дайын екенін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел ғана емес, сонымен қатар оларды тиімді басқаруға және технологиялық тұрғыдан өңдеуге ұмтылатын серпінді мемлекет. Осы тұрғыда еліміз АҚШ секілді ірі әріптестермен өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.

– Біз стратегиялық ресурстарды өндіру мен экспорттау саласында ұзақмерзімді және сенімді серіктестікке дайынбыз. Ең бастысы – бұл серіктестік әділ, ашық әрі екі тарап үшін де тиімді болуға тиіс, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі Қазақстанның энергетика мен пайдалы қазбалар өндіру саласындағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге ашық екенін тағы бір дәлелдеді. Бұл бағыттағы әріптестік екі елдің де мүддесіне сай келетіні анық.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*